Авиация саласының белгілі маманы Абыл Кекілбаев Қазақстанның азаматтық авиация саласында ұлттық стратегия жоқ екенін проблема етіп көтеріп жүр. Министрлік осы сынға былай деп жауап берді.
«Азаматтық авиация саласы ICAO-ның (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ред.) 1992 жылы ратификацияланған Чикаго конвенциясымен және «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» салалық Заңымен реттеледі. Үкіметтің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1116 қаулысымен Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлаймыз. Тұжырымдама шеңберінде әуежайлардың инфрақұрылымы мен жарақтандырылуы ICAO мен IATA талаптарына сәйкес келтіру, оның ішінде радиотехникалық, жарық-сигналдық және метеорологиялық жабдықтармен жарақталу деңгейін арттыру, ұшу-қону жолақтарын, перрондарды жаңғырту және кеңейту, отын-жанармай құю кешендерін дамыту, «ашық аспан» саясатын одан әрі іске асырумен қатар әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады. Сондай-ақ, аэронавигацияның заманауи және перспективалы технологияларын енгізу жүргізіледі», - делінген ресми жауапта.
Министрлік жауабында Президент жолдауы аясында Ұлттық инфрақұрылым жоспарының жобасы әзірленіп жатқаны да айтылған.