Көлік министрлігі теміржолдағы тозған жылжымалы құрамды тіркеуге шектеу енгізуді ұсынды

Фото: ҚР Көлік министрлігі

АСТАНА.KAZINFORM – Көлік министрлігі теміржол саласында қолданылатын жылжымалы құрамды мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік жылжымалы құрам тізілімінен алып тастау қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын «Ашық НҚА» порталына қоғамдық талқылауға жариялады. 

Атап айтқанда, бұл шаралар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың биылғы 26 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

– Жобаның негізгі мақсаты – теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігін арттыру және Қазақстан аумағында пайдаланылатын жылжымалы құрам паркін жаңарту. Құжатқа сәйкес қызмет ету мерзімі аяқталған немесе едәуір тозған жылжымалы құрамның мемлекеттік тіркеуін шектеу ұсынылады. Бұл өзгерістер апаттылық деңгейін төмендетуге, көлік қауіпсіздігін арттыруға және жылжымалы құрамды жаңарту мен жаңғыртуды ынталандыруға бағытталған, – делінген хабарламада.

Әзірлеуші орган болжамынша, бұл шаралар тасымалдау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені нығайтып, уәкілетті органдар мен көлік кәсіпорындарының қызметіне қоғам сенімін арттырады.

Айта кетейік, Теміржол торабының екі учаскесінде пойыз бен автокөлік соқтығыса жаздады.

Сонымен қатар Қазақстан теміржол өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттайтынын жазғанбыз.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы жаңа теміржол желілерін іске қосуды тапсырды.