Көлік министрлігі жүргізушілердің медициналық тексеруін растау нормасын уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM - Бизнес қауымдастығы өкілдері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексеруден өткенін Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (КҚББЖ) растау тетігін қолдануды көздейтін норманың қолданысын 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.

Коллаж: pixabay

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім нарық қатысушыларына жаңа талаптарға бейімделуге және жүйенің тиісті функционалын толыққанды пайдалануға дайындалу үшін қосымша уақыт беру мақсатында қабылданды.

Сонымен қатар, аталған тетікті пайдалануға дайын және құжаттарды электрондық форматта рәсімдеуге мүдделі тасымалдаушылар КҚББЖ жүйесінде жұмысты ерікті негізде жалғастыра алады.

Көлік қоғамдастығы өкілдерінен келіп түсетін сұрақтарға байланысты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу тәртібіне қатысты түсініктеме береді.

Ең алдымен, КҚББЖ жүйесін енгізу тасымалдаушылар үшін жаңа міндеттемелер жүктемейтінін атап өткен жөн. Тауар-көлік жүкқұжаты мен жол парағын рәсімдеу талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында бұрыннан көзделген.

КҚББЖ жүйесінің негізгі мақсаты – көлік құжаттарын қағаз түрінде рәсімдеудің қолданыстағы процестерін электрондық форматқа көшіру және оларды тасымалдау процесіне қатысушылар үшін қолжетімді ету.

Сондай-ақ, интернет байланысы тұрақсыз аудандарда жұмыс мәселесіне ерекше назар аударылған. Мұндай жағдайларда заңнамаға сәйкес көлік құжаттарын қағаз түрінде рәсімдеуге және интернетке қолжетімділік қалпына келтірілгеннен кейін оларды КҚББЖ жүйесінде тіркеуге жол беріледі. Осылайша, байланыс болмауы тасымалдауды жүзеге асыруға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге кедергі келтірмейді.

Министрлік халықаралық автомобиль тасымалдары кезінде құжаттарды рәсімдеу тәртібін де түсіндіреді. Егер тасымалдау бір халықаралық тасымалдау шарты аясында жүзеге асырылып, бірыңғай халықаралық CMR жүкқұжатымен рәсімделсе, онда тауар-көлік жүкқұжатын және жол парағын КҚББЖ жүйесінде рәсімдеу мен тіркеу талап етілмейді.

Сонымен қатар, КҚББЖ жүйесінде жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексеруден өтуін растау тәртібі жетілдірілді.

Рейс алдындағы медициналық тексеруді жүргізу процесінен медицина қызметкері шығарылмайтынын ерекше атап өткен жөн. Өзгерістер тек ақпараттық жүйеде тексеруден өту фактісін растау тетігіне ғана қатысты.

Тасымалдаушылар келесі нұсқалардың бірін таңдай алады:

– егер рейс алдындағы тексеруді медицина қызметкері жүргізсе, ол енгізілген мәліметтердің дұрыстығына жауапкершілік ала отырып, оны жүйеде растай алады;

– растаудың өзге тәртібі қолданылған жағдайда, тасымалдаушы заңнама талаптарына сәйкес жол парағында тиісті белгіні өздігінен қояды.

Осыған дейін орташа жылдамдық бақылауы тағы үш ақылы трассада енгізілетіні туралы жаздық.