Көлік саласы астықтың жаңа өнімін тасымалдауға дайын - Жәнібек Тайжанов

Фото: «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік саласы астықтың жаңа өнімін тасымалдауға толығымен дайын. Бұл туралы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде астықты тасымалдаудың өзекті мәселелеріне арналған отырыста Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты.

- Қолда бар жылжымалы құрам астық жүгін тасымалдауға жеткілікті. Мәселен, астық тасымалдайтын вагондар саны 16 300 бірлікке жетті. Өткен жылы 15 100 болған еді. Ал ұн тасымалдауға арналған жабық вагондар саны 16 500 бірлікке жетті. Ұлттық операторда 1 700 локоматив бар. Жалпы, жылжымалы құрам паркі астық жүгін тасымалдауды толықтай қамтамасыз етеді. Бұған қоса, мемлекетаралық пункттер астық тасымалдауға толық дайын, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, ол үшін аталған пункттердің пойыздарды өткізу мүмкіндігі кеңейтілді. Мәселен, Өзбекстан мен Орталық Азия бағытында бір тәулікте 42 пойыз, Қытай бағытында 43 пойыз, ал Ресей бағытында 85 пойыз өте алады.

- Осылайша, барлық экспорттық бағытта резервтер бар. Түйіспе пункттердің мүмкіндігі іркіліссіз тасымалды қамтамасыз етеді. Көлік саласы астықтың жаңа өнімін тасымалдауға толығымен дайын және жүктелген жоспарлы көрсеткіштерді орындау үшін штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Көлік министрлігінде мүдделі барлық тараптардың қатысуымен астық жүгін тасымалдау жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Штаб жұмысы аясында апта сайын өзекті мәселелер қаралып, астықты іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз етуге және жүктелген міндетті уақытылы іске асыруға бағытталған жедел шаралар қабылданады, - деді Жәнібек Тайжанов.

Айта кетейік, елімізде 25,9 млн тонна астық бастырылды.