Көлік саласындағы техникалық мамандықтарға қосымша гранттар бөлінуі мүмкін
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов темір жол саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет отырысын өткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
«Азия мен Еуропа арасында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі жыл сайын өсе түсуде. Тек қана Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау өткен жылы 23 млн тоннадан асты. Биыл бұл көрсеткіш тағы 22%-ке өсті. Жылдам өсіп келе жатқан жүк тасымалының әлеуетін ескеріп, осы салада инфрақұрылымды дамыту және вагондар паркін жаңарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ол үшін алдағы 3 жылда жалпы ұзындығы мың шақырымнан асатын жаңа теміржол тармақтары салынады. Бұл – Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Алматы айналма теміржол желісі. Осы аптада Дарбаза-Мақтаарал учаскесінің құрылысы басталады.
Жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомотив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынады. Жалпы ұзындығы 5 мың шақырым болатын қолданыстағы магистральдық теміржол желілерін жаңғырту жүргізілуде.
«Сонымен қатар, шұғыл шешімдерді талап ететін бірқатар проблема бар. Жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ке жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде. Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін «бір терезе» жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте яғни синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс», - деді Премьер.
Үкімет басшысы тұрғындар тарапынан «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түскенін айтты. Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар – мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Ал бизнес вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді.
«Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктері, Шекара қызметі, «Самұрық-Қазына» қоры және «Қазақстан темір жолы» жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауы қажет. Қарау мерзімі кем дегенде 2 есе қысқаруы тиіс. Көлік министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, жылжымалы құрам паркін жаңартуды күшейтіп, 2029 жылға қарай оның тозу деңгейін 40%-ке дейін төмендетуі керек», - деді Ә. Смайылов.
Сонымен бірге, Премьер-Министр Ғылым және жоғары білім министрлігіне көлік саласының техникалық мамандықтары бойынша қосымша гранттар бөлу мүмкіндігін пысықтауды, Көлік министрлігімен бірлесіп, Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарауды тапсырды.