Алдымен не істеу қажет және қандай жағдайда сақтандыру төлемін алуға болады – бұл туралы заңгер Арыс Данағатовтан сұраған едік.
6 қазанда Астана қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің автотұрағында бес көлік өртенді. Алдын ала мәлімет бойынша, қатты желдің салдарынан өрт бір көліктен екіншісіне жайылған.
Осы оқиғаға байланысты заңгер Арыс Данағатовпен сұхбаттасқан едік. Ол көлік иелері келтірілген шығынның өтемін алу үшін қандай әрекеттер жасауы керектігін түсіндірді.
Полицияға, ТЖМ-ге, сақтандыру компаниясына және бағалаушыға жүгіну қажет
Заңгер Арыс Данағатовтың айтуынша, ең алдымен көлік иелері полицияға арыз беріп, өтініштің тіркелгенін растайтын талон-хабарлама алуы тиіс. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінен өрт туралы анықтама сұратып, тілсіз жаудың тұтану себебін анықтау үшін сараптама жүргізіліп жатқан-жатпағанын нақтылаған жөн.
Одан бөлек, сақтандыру компаниясына оқиға туралы КАСКО шартының талаптарында көрсетілген мерзімде хабарлау қажет. Әдетте, бұл үшін бірнеше күн беріледі. Егер көлік иесі белгіленген мерзімді өткізіп алса, сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартуы мүмкін.
Тәуелсіз бағалаушыны шақыру да маңызды іс. Ол көлікті жөндеуге кететін шығынды немесе жөндеу тиімсіз болған жағдайда оның нарықтық құнын анықтауы тиіс.
– Тәуелсіз бағалау жүргізілгенге дейін көлікті жөндеуге немесе кәдеге жаратуға (утилизация) болмайды. Әйтпесе, кейін келтірілген шығынның мөлшерін дәлелдеу қиынға соғады, – деп ескертті сарапшы.
Фото, видео және бейнебақылау камераларының жазбаларын жинаған жөн
Көліктер эвакуацияланып, аумақ тазартылғанға дейін оқиғадан кейінгі барлық маңызды жайтты суретке түсіріп алған абзал.
Сондай-ақ, заңгер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мүмкіндігінше тезірек сұратуға кеңес береді.
– Көлікті, көршілес машиналарды және автотұрақты эвакуациялау мен тазалау жұмыстары басталғанға дейін суретке және видеоға түсіру керек. Жалпы көріністі, көліктердің мемлекеттік нөмірлерін және зақымданған жерлерін түсірген жөн. Тұрғын үй кешені мен көршілес ғимараттардағы бейнебақылау камераларының жазбаларын сұрату қажет. Олар ұзақ сақталмайды, сондықтан жазбаларды алу туралы өтінішті жазбаша түрде әрі бірден берген дұрыс, - деп түсіндірді Данағатов.
Қандай құжаттарды жинау керек
Сонымен қатар, көлік иелері мынадай құжаттарды жинауы қажет:
· көліктің техникалық паспорты;
· жүргізуші куәлігі;
· сақтандыру полисі немесе КАСКО шарты;
· автотұрақ орнына қатысты құжаттар;
· МҮБ (Мүлік иелерінің бірлестігі) немесе ПИК-пен (Пәтер иелерінің кооперативі) жасалған шарт.
Сондай-ақ, заңгердің сөзінше, тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін ұйымға жазбаша өтініш беріп, автотұрақтың өрт қауіпсіздігі жағдайына қатысты түсініктемелер мен құжаттарды сұрату артық етпейді.
Сақтандыру өрттен келген шығынды өтей ме
Арыс Данағатов түсіндіргендей, сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі ең алдымен сақтандыру түріне байланысты. Егер көлік иесінің КАСКО сақтандыруы болса, өрттен келген шығын, әдетте, сақтандыру арқылы өтеледі.
– Өрт көбіне сақтандыру жағдайларының тізімінде бар. Алайда бәрі шарттың нақты талаптары мен ондағы ерекшеліктерге байланысты. Мысалы, өрт көлікті пайдалану ережелерін бұзу немесе қасақана әрекет салдарынан шықса, сақтандырушы төлем жасаудан бас тарта алады, - деді заңгер.
Сонымен бірге, өртке кінәлі адам анықталмаған жағдайда да КАСКО бойынша төлем алуға болады.
– Кінәлі адам белгісіз болған кезде де сақтандыру төлемі жасалуы мүмкін. Төлемді жүзеге асырғаннан кейін сақтандыру компаниясы шығынды кінәлі адамнан өндіріп алуға құқылы, - деп атап өтті сарапшы.
Ал егер көлік иесінде тек көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМС) полисі болса, өтемақы алу әлдеқайда қиын.
– Бұл полис көлік құралын пайдалану кезінде келтірілген зиянды, ең алдымен жол-көлік оқиғаларына байланысты залалды өтейді. Ал тұрақта тұрған көліктің өртенуі, әдетте, мұндай жағдайға жатқызылмайды. Егер сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартса, оның шешіміне шағымдануға болады. Дегенмен, сақтандыру төлемін аласыз деген кепілдік жоқ, - деп қорытындылады маман.алпам
Айта кетейік, бұған дейін елордада 5 көліктің өртенуі салдарынан 1 адам жансақтау бөліміне түскенін жазғанбыз.