Көлік және қойма саласындағы көрсеткіш қай өңірлерде төмен екені белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров саланың даму барысы жөнінде мәлімдеді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

— Тоғыз айда көлік және қоймалау саласының нақты көлем индексі 107,2% болды. Жалпы өнім 10%-ға өсіп, 9,6 трлн теңгеге жетті. Саланың негізгі үлесі қоймалау және қосалқы көлік қызметтеріне, теміржол және автомобиль арқылы жүк тасымалдау, сондай-ақ құбыр көлігіне келеді, — деді ол.

Сонымен бірге, өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Ең жоғары көрсеткіш — Алматы, Жетісу мен Солтүстік Қазақстан облыстарында. Сондай-ақ, Шымкент пен Астанада жақсы нәтиже тіркелді. Ал Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында қоймалау, қосалқы көлік қызметтері және құбыр көлігі бойынша қызметтер көлемі төмендеді.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Өнеркәсіп вице-министрі елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастағанын мәлімдеген еді.