Қолқаны қапқан сасық иіс: Қонаев тұрғыны әкімге шағымданды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қала маңындағы кәріз-тазарту жүйесі 100 пайыз тозған. Нысанды жаңарту мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады. Бұл туралы шаһар басшысы Асхат Бердіханов тұрғындармен кездесу барысында мәлім етті.
Кездесу кезінде қала тұрғыны әкімге кешкі уақытта № 4-шағынауданында шығатын сасық иіске шағымданды.
— Қала маңындағы кәріз-тазарту жүйесі 100% тозған. Нысанды жаңарту мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады. Қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Жоба бойынша нысанды 18 шақырымға Қазақстан ауылына қарай жылжыту көзделіп отыр. Жоба құны 38 млрд теңге, — деді Асхат Бердіханов.
Сонымен қатар ол нысанның құрылысы 2 жылда аяқталатынын тілге тиек етті.
— Алдағы уақытта мәслихат отырысы, жауапты салалық мекемелерден келісім алу секілді жоспарлы іс-шаралар өтеді. Қазіргі жағдай осы, түсіністікпен қарау қажет, — деді әкім.
Бұдан бөлек, жиында газ тарту, қоқыс контейнерлерін орнату, автотұрақ, аулаларды көгалдандыру бойынша мәселелер көтерілді.
Осыған дейін Қонаев қаласының әкімдігі бір жылда шаһар халқының саны 8,2%-ға азайып, 65 900 тұрғын болғаны туралы мәліметке байланысты мәлімдеме жасаған болатын.