Қазақстанның жол қозғалысы ережесіне сәйкес, жеңіл автомобиль медициналық дәрі қобдишасымен, өрт сөндіргішпен және апаттық тоқтау белгісімен немесе қызыл түсті жыпылықтайтын шаммен жабдықталуы тиіс.
Бұл ретте дәрі қобдишасын жүксалғышқа салып қойып, бірнеше жыл бойы тексермеу жеткіліксіз. Оның ішіндегі заттарды, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімін үнемі тексеріп отырған жөн.
Өрт сөндіргіш те жарамды болуы және қажет болған жағдайда қолжетімді жерде орналасуы керек.
Пайдалануға тыйым салынған ақаулар немесе жағдайлар болған кезде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі бойынша айыппұл 5 АЕК, яғни 21 625 теңгені құрайды.
Егер осыған ұқсас заң бұзушылық жауапкершілікке тартылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке, яғни 86 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Ал қосалқы дөңгелек, домкрат, сорғы және дөңгелек бұрайтын кілт жолда қажет болуы мүмкін болғанымен, аталған жол қозғалысы ережесі бойынша жеңіл автокөліктің міндетті жабдықтары тізіміне кірмейді.
Сондықтан жолға шығар алдында жүксалғышты бірнеше минут тексеріп алған жөн: дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және апаттық тоқтау белгісі орнында болуы керек.
Бұған дейін хабарланғандай, Солтүстік Қазақстан облысында 21 мыңнан астам тұрғынның төленбеген айыппұлы бар.