Колледж студенттерінің басым бөлігі техникалық мамандықтарда оқиды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кәсіпорындар кадрларды даярлау бағытында 400-ден астам колледжбен шарт бекітті. Бұл туралы елордада өтіп жатқан республикалық тамыз кеңесінде аталған министрліктің басшысы Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Техникалық және кәсіптік білім беру еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда негізгі функцияны атқарып отыр. Өткен оқу жылында 517,3 мың жас 772 колледжде оқыды. Мемлекеттік тапсырыстың 60 пайызы техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) қайта бағдарланған. Екі жыл қатарынан жұмысқа орналасу міндеттемесімен, мақсатты тапсырыс бойынша 10 мың студент оқуға қабылданып келеді. Колледждер академиялық дербестік аясында білім беру бағдарламаларының мазмұнын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін оқыту мерзімдерін айқындай алды», - деді Ғ. Бейсембаев.

Оның айтуынша, колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жалғасып келеді. Кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы аясында 498 кәсіпорын кадрларды даярлауға, колледждерді басқаруға, зертхана құрылғыларымен жабдықтауға, студенттерді өндірістік практикаға, ал педагогтарды тағылымдамаға қабылдауға қатысу үшін 410 колледжбен шарт және меморандум бекітті.

«Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында биылғы қыркүйектен бастап стипендияны кезең–кезеңімен екі есеге ұлғайту көзделген. «WorldSkills Kazakhstan 2022» VII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы бойынша колледж студенттері 34 алтын, 38 күміс және 38 қола медаль жеңіп алды. Чемпионатқа қатысқан тағы 144 студент үздік медальмен марапатталды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі тамыз кеңесінде жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатыны мәлім болды.