2019 жылдан бастап колледж түлектері жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өтеді. Колледж түлектеріне арналған кешенді тестілеу (КТА) өткізілмейді.
ҰБТ-ға қашан тіркелуге болады?
Колледж түлектері қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз айларында өтетін ҰБТ-ға қатыса алады. Өтініштер app.testcenter.kz сайты арқылы қабылданады. Тестілеу құны — 5 640 теңге.
Қандай ҰБТ тапсыру керек?
Бұл таңдаған мамандыққа және оқу мерзіміне байланысты.
1. Қысқартылған оқу мерзімімен (өз мамандығы немесе сабақтас бағыт бойынша):
Ақылы бөлімге түсу үшін ҰБТ тапсыру міндетті емес. Қабылдау жоғары оқу орнындағы әңгімелесу нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін негізгі ҰБТ тапсыру қажет:
әдеттегі бағыттар бойынша — 2 пән (жалпы кәсіптік және арнайы);
шығармашылық бағыттар бойынша — 1 арнайы пән. Шығармашылық емтиханды жоғары оқу орны өткізеді.
2. Толық оқу мерзімімен (басқа мамандық бойынша):
Ақылы бөлімге түсу үшін ҰБТ-ның төрт кезеңінің бірін таңдауға болады.
Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін негізгі ҰБТ тапсыру қажет.
Әдеттегі бағыттар бойынша — 5 пән (3 міндетті және 2 бейіндік);
Шығармашылық бағыттар бойынша — 2 пән («Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы»). Бұған қоса шығармашылық емтиханды жоғары оқу орны өткізеді.
— Бұл ретте қысқартылған оқу мерзімі мен мемлекеттік гранттардың таңдаған мамандығыңыз бойынша қарастырылғанын алдын ала жоғары оқу орнынан нақтылап алыңыз. Мысалы, медицина саласында қысқартылған оқу мерзімі «Фармация» және «Мейіргер ісі» мамандықтары бойынша ғана қарастырылған. ҰБТ-ға өтініш бермес бұрын таңдаған мамандығыңызды, оқу мерзімін және жоғары оқу орнының қабылдау талаптарын анықтап алған жөн, — делінген хабарламада.
Осыған дейін қандастарға грантқа түсу үшін ҰБТ-дан шекті балл жинау міндетті емес екенін жазғанбыз.