Колледждерде сұранысқа ие мамандықтарға басымдық беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

Кеңесте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығы мен экономиканың сұранысына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды.

Министрдің айтуынша, соңғы үш оқу жылы ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне көрсетілетін мемлекеттік қолдау айтарлықтай күшейген. Осы кезеңде мемлекеттік білім беру тапсырысы 48,4 мың орынға ұлғайып, колледж студенттерінің саны 542,7 мыңнан 556,2 мың адамға жетті.

Кадр даярлау көрсеткіштерінде де оң өзгерістер байқалады. Соңғы үш жылда түлектер саны шамамен 20%-ға артқан. Оның ішінде жұмысшы біліктілігі бойынша бітірушілер саны 26,5%-ға, орта буын мамандары 17%-ға көбейген.

Кеңесте техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын жетілдіру алдағы кезеңнің басым бағыты ретінде белгіленді. Бұл үшін колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңарту, еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтар сыныптауышын өзектендіру және кадр даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізу жұмыстары жалғасады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық мамандықтардың беделін арттыруға және экономиканың басым салаларына қажетті білікті кадрларды даярлауға ерекше назар аудару қажет, – деді Аида Балаева.

Кеңес барысында экономикаға қажетті кадрларға деген сұранысты болжау мәселесі де қаралды. Вице-премьер еңбек нарығында сұранысқа ие емес білім беру бағдарламаларын кезең-кезеңімен қысқартып, олардың орнына нақты қажеттілікке негізделген жаңа бағдарламаларды енгізудің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, жасанды интеллект, инновациялар, цифрландыру және роботтандырудың қарқынды дамуы жағдайында кадрларға деген қажеттілікті болжау жүйесі де жаңа талаптарға сай қалыптастырылуы тиіс.

Сонымен қатар колледждердің инфрақұрылымын жаңғыртуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беру қажеттігі айтылды.

Кеңесте дуальды оқыту жүйесін кеңейту және жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастықты күшейту де негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Сондай-ақ экономикаға қажетті кадрларға деген сұранысты болжау тетіктерін жетілдіру және бизнес қауымдастықпен әріптестікті дамыту жұмыстары жалғасады.

Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай тұрақты түрде жаңартып отыруды, колледждердің жұмыс берушілермен байланысын күшейтуді және дуальды оқыту жүйесін одан әрі кеңейтуді тапсырды.

Сондай-ақ цифрландыру, роботтандыру және инвестициялық жобаларды іске асыру үдерістерін ескере отырып, экономикаға қажетті кадрларға тұрақты болжам жасауды қамтамасыз ету, колледждердің инфрақұрылымын жаңғырту, өндірістік практиканы ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.

Айта кетейік, колледждер спорт нысандарын сабақтан тыс уақытта жалға бере алады.