ОРАЛ. ҚазАқпарат - Коллектордағы апаттан кейін Орал қаласының шағынаудандарына су берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс су арнасы» ЖШС директорының бірінші орынбасары Салауат Айбатовтың айтуынша, кеше кешкісін қаланың 4, 5, 6, 7, 9, «Құрылысшы» және «Солтүстік-Шығыс» шағынаудандарына су беру қамтамасыз етілді.
Бұған дейін М.Шолохов көшесіндегі коллектордағы апатты жағдайға байланысты су сол аудандардағы тұрғындарға екі мезгіл беріліп келген еді. Қазір уақытша коллектор салынып, іске қосылды.
«Батыс су арнасы» ЖШС қызметкерлері үгітіліп, шіріп кеткен 64 метр құбырды қазып алды. Орнына жаңадан құбыр сатып алынды. Енді мердігер мекеме сол құбырды орнату жұмыстарына кірісетін болады.
Апатқа байланысты шығынды есептеу үшін Орал қаласы әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасауда.
Еске сала кетейік, коллектордағы 30 сәуір күнгі апат салдарынан Орал қаласының тең жартысы дерлік сусыз қалғанын, содан кейін апатты жою жұмыстары жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.
фото:news-factor.ru
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).