Заң жобасын Мәжіліс депутаттарына таныстырған вице-министр Алма Мұқанова мұндай түзетудің не үшін қажеттігін түсіндірді.
«Қылмыстық кодексте коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, қарыздарды өндіріп алудың заңсыз әдістерін қолданғаны, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны және т.б. үшін жауапкершілігін көздейтін арнайы бап жоқ.
Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 214-ші және 223-баптары коллекторлардың тек тіркеусіз коллекторлық қызметпен айналысқаны үшін, сол сияқты егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасса, сондай-ақ коллекторлық қызметтің құпиясын жария еткені үшін ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
Өз кезегінде, коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін өз қызметінің міндеттеріне қайшы және өзі немесе басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында пайдалануы қоғамға қауіпті іс-әрекеттер ретінде бағалануы керек», - деді Алма Мұқанова.
Осы жайттарды ескерген министрлік мамандары мен заңгерлер коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және асыра пайдаланғаны үшін іс-әрекеттерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр.
«Бұл шара заңдық сауатсыздыққа байланысты коллекторлық агенттіктердің жосықсыз қызметкерлерінің қысымына және айла-шарғысына ұшырауы мүмкін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Әділет министрінің орынбасары.