Коллекторлық агенттіктер заңға қайшы әрекет еткен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк екінші тоқсанда түскен арыз-шағымдардың қорытындысын шығарды. Оған сәйкес, бірқатар коллекторлық агенттікке ескерту жасалды. Аталған ұйымдар қарыз өндірудің тәртібін бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық Банкке қарыз алушылардан коллекторлардың заңсыз іс-қимылдарына қатысты өтініштер түсуде. Негізгі шағымдар борышкермен Заңның 5-бабында айқындалған өзара іс-қимыл тәртібін бұзуға қатысты. 2018 жылдың II тоқсанында өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 5 (бес) коллекторлық агенттік - «Дельта М Қазақстан» коллекторлық агенттігі», «Эксперт Плюс» коллекторлық агенттігі» ЖШС, «Ұлттық өндіріп алу қызметі» коллекторлық агенттігі» ЖШС, «ПАРИТЕТ» коллекторлық агенттігі» ЖШС мен «Legal Collection» коллекторлық агенттігі» ЖШС шектеулі ықпал ету түрінде жазбаша ұйғарым жасалды», - делінген банктің ресми хабарламасында.

Солардың ішінде «Дельта М Қазақстан» коллекторлық агенттігі, «Эксперт Плюс» коллекторлық агенттігі» ЖШС мен «Ұлттық өндіріп алу қызметі» коллекторлық агенттігі» ЖШС борышкермен өзара іс-қимыл жасау кезінде адал емес іс-әрекеттерге барған.

Заңға сәйкес, коллекторлық агенттік борышкермен коллекторлық агенттіктің (филиалының, өкілдігінің) орналасқан жері бойынша үй-жайларындағы аудио немесе бейнетехника құралдарының көмегімен өзара іс-қимыл жасау барысын тіркеуге, аудио және (немесе) бейнежазба материалдарын борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-әрекет жасаған күннен бастап алты ай ішінде сақтауға міндетті.

«ПАРИТЕТ» коллекторлық агенттігі» ЖШС осы тармақты бұзған. Бұдан бөлек, борышкермен алғашқы байланыс жасау кезінде барлық қажетті ақпарат, атап айтқанда коллекторлық агенттіктің атауы, коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі есептік тіркеу нөмірі, борышкермен өзара әрекет жасайтын адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы көрсетілуі тиіс. «Дельта М Қазақстан» коллекторлық агенттігі», «Эксперт Плюс» коллекторлық агенттігі» ЖШС және «Legal Collection» коллекторлық агенттігі» ЖШС аталған талапты орындамады.

Заң бойынша коллекторлық агенттікке өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, сондай-ақ осы тұлғаға мүліктік және өзге де зиян келтіруге алып келетін, құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілмейді. Борышкерге және оның өкіліне, я болмаса, үшінші тұлғаларға күш қолдануға, олардың мүлкін бүлдіруге, қысым жасауға болмайды.

Айта кетейік, Ұлттық банктің «ҚҰБ «Online» мобильді қосымшасында «Коллекторлық агенттіктердің қызметі» атты жаңа бөлім ашылған. Сол жерде коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау тәртібі туралы толық ақпарат бар. Ал банктің ресми сайтында коллекторлық агенттіктердің тізімін көруге болады. 2018 жылдың 10 шілдесіне дейін республика бойынша 104 коллекторлық агенттік ресми тіркеуден өтті. Барлық арыз-шағымдарды тікелей Ұлттық банк жолдауға болады.