Коллекторлық қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады - ҰБ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Коллекторлық қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметовтің айтуынша, заң жобасы бойынша коллекторлық агенттік қызметкерлеріне, соның ішінде басшы қызметкерлерге қойылатын талаптар белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, құжатта коллекторлық агенттіктердің борышкерлерден берешекті өндіріп алу барысында тыйым салынатын заңсыз әрекеттерін айқындайтын нормалар да қамтылған. Атап айтқанда, коллекторлық агенттік қызметкерлеріне борышкерлердің құқықтары мен еркіндіктеріне қол сұғатын және оның өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп төндіретін заңсыз іс-қимылдар жасауға тыйым салынады.

«Коллекторлық қызметті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін, банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын құрайтын мәліметтерді, құжаттарды ұрлап, параға сатып алу, қорқыту арқылы алғаны және жариялағаны үшін 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», - деді А. Ахметов.

Оның сөзіне қарағанда, борышкерлердің құқықтарын және заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін 250 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, коллекторлық қызмет туралы талап етілетін ақпаратты Ұлтық банкке ұсынбағандар, шектеулі ықпал ету шараларын орындамағандар үшін де 200 АЕК шамасында айыппұл салу ұсынылған.