Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу операцияларының саны артып келеді - Б. Тәжіяқов

None
АНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз есеп айырысу операцияларының саны өсуде.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың жағдайы мен даму болашағы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов осылай мәлім етті.

«Қазіргі күні Қазақстанның екінші деңгейлі 20 банкі, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ төлем карточкаларын шығарып келеді. Ал айналымдағы карточкалардың жалпы саны - 8,4 млн. бірлікті құрап отыр. 7,8 млн. астам азаматтың төлем карточкалары бар. Төлем карточкаларын пайдаланып жүргізілген банк операцияларының ауқымы да серпінді түрде артып келеді. 2010 жылы банк операцияларының көлемі 3,5 трлн. теңгені құрайтын 36 млн. операциялар төлем карточкаларымен жүзеге асқан», - дейді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бейсенғали Тәжіяқов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні төлем карточкаларының желісі 25 мың посттерминалдарды қамтып отыр, ондағы жылдық өсім 13 пайызды құрайды. 7,5 мыңнан астам банкоматтардағы қызметтің жылдық өсімі - 10 пайызды, 10,5 мыңнан астам сауда кәсіпорындарындағы өсім - 6,7 пайызды құраған.

«Алайда, карточкалар бойынша операциялардың басым бөлігі қолма-қол ақша алумен шектеліп қалып жатыр. Бұл барлық операциялардың 81 пайызын құрайды. Сонымен қатар, төлем карточкаларын пайдаланып жүргізілетін қолма-қол есеп айырысусыз төлем мөлшері 2010 жылы 411 млрд. теңгені құрады. Дегенмен, соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз есеп айырысу операциялардың саны артып келеді. Бұның өзі төлем карточкасын дамыту үшін оң үрдіс болып отыр», - деді төраға орынбасары.