Қолөнер шеберлеріне арналған грант бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM — Елімізде қолөнер шеберлеріне арналған грант бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Креативті индустрияларды дамыту қоры дәстүрлі қолөнер мен ұлттық өнерді сақтау, дамыту және шеберлердің шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған «Халық қолөнері және бейнелеу өнері мектебі» жобасын бастаған еді. Жоба аясында қолөнер шеберлеріне 5 миллион теңгеге дейін грант бөлінеді.

Гранттар ұлттық қолөнердің сирек кездесетін әрі ұмытылып бара жатқан түрлерін меңгерген шеберлерге беріледі. Жоба ұлттық өнердің тамырын үзбей, шеберлердің тәжірибесін жас буынға дәріптеуді және креативті индустрияның дамуына жол ашатын шығармашылық орта қалыптастыруды көздейді.

Грант иегерлері атанғандар арнайы білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама шеңберінде олар оқушылар мен жастарға арнап шеберлік сағаттары мен тәжірибелік сабақтар өткізеді.

Өтінім 2026 жылғы 31 мамырға дейін электронды форматта қабылданады. Ол үшін сілтеме арқылы өтіп, портфолио ұсыну қажет. Қатысушылар портфолионы Instagram парақшасына сілтеме, бейнетаныстырылым, PDF-презентация, дайын жұмыстардың фотосуреттері немесе жүзеге асқан жобалар тізімі форматында ұсына алады.

Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны Медеу Бердімұрат атадан қалған асыл мұра — қолөнерді заман талабына сай жаңғыртып жүргенін жазған едік.