«Балалар прокуроры, судьялары, тергеушілері жайында бұған дейін айттым. Біз Ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірге қазіргі уақытта кәмелеттік жасқа толмаған 49 қылмыскер отырған Алматыдағы балалар колониясын орталықсыздандырумен жұмыс істеп жатырмыз. Оларды бір орынға жинап, тұрақты қылмыстық топтар құрудың қажеті жоқ. Оларды облыстар бойынша орталықсыздандыру және әр балаға 3 тәрбиешіден болуы қажет. Біз жазаны өтеуге ғана емес, сонымен бірге қайта тәрбиелеу үшін жағдай жасауға тиіспіз», - деді Зағипа Балиева.
Айта кетейік, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі елімізде балалар судьясы, прокуроры мен тергеушісі институтын енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтқан еді.
«Балалар кодексін әзірлеуге кірістік. Бізде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттар бар. Бас прокуратура, Жоғарғы сот және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, қазіргі уақытта балалар судьясы, балалар прокуроры және балалар тергеушісі болуы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бұл бағдарлама әрбір мемлекеттік органға қазірдің өзінде жартылай енгізілген. Қазір оны тек жақсартып, нақтылау үстіндеміз», - деді Зағипа Балиева.
Фото: www.m24.ru