17:30, 13 Сәуір 2009
«Көлсай көлдері» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағына келген туристерден былтыр бюджетке 2,3 миллион теңге түсті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Көлсай көлдері» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағынан былтыр мемлекеттік бюджетке 2,3 миллион теңге түсті.
Бұл жайлы саябақ директоры Жамбыл Мықитанов бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Былтыр бізге 9 мыңға жуық турист келіп, 2 миллион 300 мың теңге республикалық бюджетке құйылды. Оларға 2 миллион 400 мың теңгенің ақылы қызметтері көрсетілді. Сондай-ақ заң бұзған 36 адамға 161 мың теңгенің айыппұлы салынды. Келтірілген зиян үшін 22 адамнан 429 мың 400 теңгенің айыппұлы өндірілді. 2007 жылы бізде 43 заң бұзушылық болып, 545 мың теңгенің айыппұлы салынды. Ал табиғатқа зиян келтіргендерден 2 миллион 454 мың теңге сот арқылы өндірілген болатын», - дейді «Көлсай көлдері» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағының директоры Жамбыл Мықитанов. Ж. Қатайұлының айтуынша, заң бұзушылықтар негізінен өз бетімен ағаш кесу, рұқсатсыз саябақ аумағында болу және заңсыз аң аулауға байланысты орын алып отыр. «Көлсай көлдері» Ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы 2007 жылы ақпаның 7-сі күні Үкіметтің №87 қаулысымен құрылған болатын. Ол табиғи кешендерді қалпына келтіру, сақтау, молайту, сонымен бірге геграциялық шектеулі шаруашылық қызметті жүзеге асыра отырып туризмді дамыту мақсатын көздейді. Алматы облысының Райымбек және Талғар аудандарының таулы аудандарында орналасқан саябақ Алматы қаласынан 280 шақырым жерде. Оның көлемі солтүстіктен оңтүстікке дейін 23 шақырым, ал батыстан шығысқа дейін 98 шақырым жерді алып жатыр. Негізінен Қырғыз Республикасының шекарасымен шектесетін «Көлсай көлдерінде» өсімдіктің - 704 түрі бар, жануарлардың 129 түрі мекендейді.