«Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағында қар барыстары фототұзаққа ілінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қызыл кітапқа енген қар барыстары фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: qazaqstan3d.kz

Ұлттық парктің мәліметінше, елімізде шамамен 140-180 қар барысы қалған.

«Сирек кездесетін жануар 1978 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қызыл кітапқа енген жануарларды заңсыз аулаған жағдайда, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінеді ұлттық парктің хабарламасында.

Еске салсақ, 2021 жылы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосылған болатын. Мұндай шешім ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-сессиясында қабылданған еді.

Сондай-ақ, «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне баратын жол салынып, бөгет тұрғызылатыны туралы хабарлағанбыз.