Көлсай маңында қаптаған мейманхана мен киіз үйлер: олардың құрылысы заңды ма
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі — Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі. Бұл өңірге жыл сайын мыңдаған турист ат басын бұрады. Туристер саны артқан сайын қонақ үй, киіз үй мен демалыс орындарының саны да көбейіп жатыр. Алайда олардың салынуы қаншалықты заңды және санитарлық-экологиялық талаптарға сай ма? Бұл сауалдарға Kazinform тілшісі жауап іздеп көрді.
Құрылыстың заңдылығы
«Көлсай көлдері» ұлттық паркіне бара жатқан жолда туристер алдымен Саты ауылы мен парк шекарасы арасындағы жол бойына орналасқан көптеген қонақ үй, капсулалық қонақжайларды, киіз үйлерді көреді. Бұл нысандардың басым бөлігі ретсіз салынған және көптеген турист «осы құрылыстар заңды ма, табиғатты қорғау заңнамасын бұзбай ма?» деген заңды сұрақ қояды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кейбір туристік нысандар шаруа қожалығына арналған жерлерде бой көтеруі мүмкін, ал ондай учаскелерде құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Бұл мәселені нақтылау үшін Kazinform агенттігі Алматы облысының әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Кеген ауданы әкімдігі ұсынған ресми жауапқа сәйкес, кейбір нысандар шынымен де заң бұзушылықпен — ауыл шаруашылығы жерлерінде салынған. Мұндай нысандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 136-бабы негізінде шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап өңірді дамытуға арналған бас жоспар әзірленіп жатыр. Оның аясында жерлердің мақсатты пайдалану түрін өзгерту, бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру және құрылыс жұмыстарын ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының талаптарына сай ретке келтіру көзделген.
Санитарлық және экологиялық талаптар
Туристерді алаңдататын тағы бір мәселе — туристік инфрақұрылым нысандарында санитарлық және экологиялық нормалардың сақталуы, әсіресе қоқыс жинау және оны жою проблемасы.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, барлық нысан ҚР Экологиялық кодексі мен «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы» Заң талаптарына сай жұмыс істеуі тиіс.
— Ұлттық парктің бақылау пунктінен 600 метр қашықтықта арнайы қоқыс полигоны жабдықталған, — деді әкімдік өкілдері.
Тағы бір маңызды мәселе — иесіз қалған нысандар мен құрылыс аяқталғаннан кейін жиналмай қалған қоқыс. Кейбір учаскелерде құрылыс материалдары мен қалдықтар сол күйі қалған.
Әкімдік өкілдері ҚР Экологиялық кодексінің 99-бабына сәйкес, нысан иесі қызметін тоқтатқан жағдайда жерді бастапқы қалпына келтіріп, тазалау — рекультивация жұмыстарын жүргізуге міндетті екенін еске салды.
Рұқсатты кім береді
Құрылысқа рұқсат беру және пайдалануға енгізу ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 19-бабы негізінде жүзеге асырылады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама, эскиздік жобаны келісу және құрылысқа рұқсат қажет. Егер нысан қорғау аймағында орналасқан болса, уәкілетті экология басқармасынан қосымша келісім де талап етіледі.
Қанша нысан тіркелген
Кеген ауданынан атап өткендей, ұлттық парктың буферлік аймағында ресми тіркелген 58 туристік нысан бар. Нақты мәліметтерді экология департаменті мен парк әкімшілігі қосымша жинақтап жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 395 мыңнан астам турист келген.
Бұған дейін редакциямыз Көлсайдың бірегей табиғатына туристік ағынның көбеюі қалай әсер етуі мүмкін екендігі туралы мақала жариялаған болатын. Мамандар табиғатты келер ұрпаққа сақтау үшін дер кезінде тиісті шаралар қабылдаудың маңызын атап өткен еді.
Осыған дейін Алматы облысында орналасқан танымал туристік ауылда жер дауы туындаған еді.
Еске салайық, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы халықаралық деңгейде ең үздік туристік ауыл ретінде танылып, беделді «Best Tourism Villages by UNWTO» сыйлығымен марапатталды.
Сондай-ақ туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жобалар қолға алынғаны туралы жазған едік.