Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, осы кезеңде инспекция мамандарының ұйымдастыруымен жайылма суларда қалып қойған 33 млн 892 мың балық шабағы құтқарылып, табиғи мекендейтін ортасы — Қиғаш және Шарон өзендеріне жіберілген. Құтқарылған шабақтардың жалпы салмағы 106 тонна болды.
Шабақтарды құтқару жұмысы барысында су айдындарын өзендермен жалғау үшін 11 023 текше метр арық қазылып, 15 886 шаршы метр аумақтағы шөп шабылған. Науқанға 108 адам, 27 техника және 235 құтқару құралы жұмылдырылған.
Балық инспекциясы өңір тұрғындарын балық шабақтарын құтқару жұмыстарына атсалысуға шақырып, балықтардың тұншығуы немесе жаппай қырылу деректері анықталған жағдайда инспекцияға немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлауды сұрады.
Айта кетейік, мұндай жұмыс Құрманғазы ауданымен қатар Атырау қаласы маңында да жалғасып жатыр. Мәселен, 17 шілдеде Атырау балық инспекциясы бөлімінің мамандары Бесікті ауылы маңындағы балықтардың уылдырық шашатын орны саналатын Безымянный су айдынында ихтиологиялық мониторинг жүргізіп, балық шаруашылығы субъектілерімен бірлесіп 7 мыңға жуық балық шабағы Жайық өзеніне жіберілген.
Еске салайық, Биыл Құрманғазы ауданындағы өзендерге су мол келіп, аудан аумағындағы барлық 123 су айдынына жетті. Соның нәтижесінде бұрын су баспаған жерлерде қосымша 22 көлшік пайда болған еді.
Бұған дейін оқшауланып қалған көлшіктер мен сайлардан 12 миллион 237 мың шабақ құтқарылғанын жаздық. Олардың басым бөлігін қызылқанат, көксерке, мөңке, сазан, шортан, қаракөз, табан және жайын құрайды. Бір шабақтың орташа салмағы - 1,6 грамм.