Оның айтуынша, әзірше, «қолтырауын» деп аталып кеткен дезоморфин есірткісі Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысында жайлап барады. Дезоморфин 2002 жылы Ресейде пайда болып, 2005 жылдан бастап етек жайды. Қазір ол көрші елде таралуы жөнінен героиннен кейін екінші орында.
«Дезоморфин көрші Ресейде ұлттық нәубетке айналды. Ертең бұл бізге де келмесіне кім кепіл. Сондықтан қазірден бастап оған тосқауыл қоюмыз керек», - деді вице-министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және вармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Лариса Пактың атап өткеніндей, дезоморфинді әзірлеу үшін арнайы химиялық білімнің қажеті жоқ. Йод, күкірт қышқылы, еріткіш және құрамында кодеині бар препараттар болса жеткілікті. Бағасы арзан болған соң, кең тарауына да қолайлы.
«Дезоморфинді пайдаланған адамның денесі көгеріп, терісі қабыршақтанады. «Крокодил» атануы да сондықтан. Ол кең тараған есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі. Қоспаға күкірт қышқылы, ацетон сияқты түрлі ерітінділер қолданылады. Оны қолданатын нашақорлардың денесі шіри бастайды», - дейді ол.
Қазіргі уақытта елімізде есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прокусорларды пайдаланатын нашақорлардың саны - 47 833, оның ішінде әйелдер саны - 3754, кәмелетке толмағандар саны - 2653.