Қолтырауынмен ойнаған жігіт ғаламторда танымал болды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Коста-Риканың тұрғыны өзінің қолтырауынмен ойнап жүргенін таспаға түсіріп, ғаламторға салып қойған. Әлеуметтік желідегі жазбаны тамашалағандар, оның алып қолтырауынмен ойынына таң қалып, тіпті бұл әрекетін ерлікке балады, деп жазады Дни ру.

Бейнежазбада батыл жігіт судың жағасында тұрып алып балықтың көмегімен қолтырауынды қасына келтіргені бар. Алып қолтырауын қасына жақын келсе де, әлгі жігіт қорқар емес. Тіпті, қолындағы балығын әрі-бері сермеп, жыртқыштың есін шығарады. Ең қорқыныштысы, балықты ауызымен тістеп қолтырауынға жегізеді.

Бейнежазбада жігіттің бұл ермегінен ешкім зардап шекпегенін байқауға болады. Автордың айтуынша, бұл ойынды бірнеше жыл бұрын Коста-Рикада оқу оқып жүрген кезде түсірген. Санаулы күн ішінде жазбаны 100 мыңнан астам адам тамашалаған екен.

Жалпы, қолтырауынмен ойнамақ түгелі, оған жақын келудің өзі адам үшін қауіпті. Тіпті, көп жағдайда мұндай «байланыстың» арты қайғыға әкеліп соғады десек болады. Атап айтсақ, екі жыл бұрын Индонезияда Уэйлолонг өзенінде қолтырауын жағада әкесімен ойнап жүрген 10 жастағы қыз баланы тістеп алып кеткен болатын.