Колумбия АҚШ-пен ынтымақтастығын тоқтатты

Фото: presstv.ir

АСТАНА. KAZINFORM — Колумбия президенті Густаво Петро өз елінің қауіпсіздік күштеріне АҚШ-пен барлау деректерімен алмасуды тоқтатуға бұйрық берді, деп хабарлайды NBC News. 

Ол бұл шешімді Трамп әкімшілігі Кариб теңізінде есірткі саудасына күдіктілерге қарсы шабуылдарды тоқтатпай отырғандықтан қабылдағанын айтты. Есірткі саудасына қарсы күресте бір кездері тығыз серіктес болған елдер арасындағы қарым-қатынас нашарлап барады.

Петро X әлеуметтік желісінде Колумбия қарулы күштері АҚШ тарапынан есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген жылдам қайықтарға шабуылдар тоқтатылмайынша, «америкалық қауіпсіздік қызметтерімен барлық байланыс пен ынтымақтастықты дереу тоқтатуы керек» деп жазды.

Петроның айтуынша, «есірткіге қарсы күрес Кариб бассейні елдеріндегі адам құқықтарына бағынуы тиіс».

Трамп әкімшілігінің мәліметінше, АҚШ әскери күштерінің халықаралық сулардағы шабуылдарынан кем дегенде 75 адам қаза тапты. Шабуылдар алғашында Кариб теңізінің оңтүстігінде, Венесуэла жағалауына жақын жерде басталған. Алайда кейіннен АҚШ соққыларды Мексика жағалауындағы кемелерге бағыттап, Тынық мұхитының шығыс бөлігіне ауыстырды.

Петро АҚШ президенті Дональд Трампты Венесуэла, Эквадор, Колумбия және Тринидад пен Тобаго азаматтары зардап шеккен қылмыстары үшін жауапкершілікке тартуға шақырды.

Колумбия Президенті АҚШ-тың есірткіге қарсы саясатын ұзақ уақыттан бері сынап келеді. Ол Трамп әкімшілігін ірі есірткі сатушылар мен ақшаны заңдастырумен айналысатындармен күресудің орнына, кокаиннің негізгі шикізаты саналатын коку өсіретін шаруаларды қудалайды деп айыптады.

Трамп әкімшілігі Петроны есірткі саудагерлеріне жұмсақтық танытты деп айыптады және Колумбия президентінің есірткі саудасына қатысы бар колумбиялық көтерілісші көшбасшыларды Құрама Штаттарға экстрадицияламау туралы шешімін сынға алды. Қазан айында әкімшілік Петро мен оның отбасы мүшелеріне қарсы халықаралық есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен қаржылық санкциялар салды.

АҚШ пен Колумбия арасындағы шиеленіс АҚШ-тың Кариб бассейнінің оңтүстігіндегі әскери-теңіз күштерінің қатысуын арттырған кезде күшейе түсті.

Бұған дейін АҚШ-тың ұшақ тасымалдағыш кемелері Кариб теңізі айдынына енгенін жазған болатынбыз.