Колумбия президенті кокаиннің «вискиден жаман емес» екенін мәлімдеді

Фото: Фото: aa.com.tr

АСТАНА. KAZINFORM – Колумбия президенті Густаво Петро тікелей эфирде өткен алты сағаттық үкімет отырысында заңдастырылған кокаинді «шарап сияқты» сатуға болатынын айтты, деп хабарлайды Euronews.

Колумбия президенті Густаво Петро «кокаин вискиден жаман емес» деп мәлімдеп, оған тек Латын Америкасынан әкелетіндіктен ғана тыйым салынғанын еске салды. 

Билікке 2022 жылдың тамызында келгеннен бері Оңтүстік Америка елінде өсіп келе жатқан кокаин өндірісімен күресіп жатқан солшыл көшбасшы бұл туралы тарихта алғаш рет тікелей эфирде көрсетілген министрлердің алты сағаттық кездесуінде мәлімдеді.

- Кокаинге вискиден нашар болғандықтан емес, Латын Америкасында өндірілгендіктен тыйым салынған, - деді М-19 партизандық қозғалысының бұрынғы мүшесі Петро.

БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚКБ) хабарлауынша, Колумбия әлемдегі ең ірі кокаин өндіруші және есірткінің негізгі ингредиенті - кока жапырақтарын өсіруде 2023 жылы рекордтық деңгейге жетті.

- Егер біреу бейбітшілікті қаласа, онда бизнес (есірткі саудасы) жойылу керек. Кокаинді бүкіл әлемде заңдастыру арқылы оны оңай жоюға болады. Ол шарап сияқты сатылатын еді, - деп санайды Колумбия президенті. 

2023 жылы Колумбияда шамамен 253 мың га ауылшаруашылық алқабына кока егілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ға көп, деп хабарлайды БҰҰ ЕҚКБ.

Айта кетейік, Колумбияда 1400 тонна есірткі тәркіленді.