Колумбияда кока өсіретін шаруа қожалықтары жойылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Колумбия билігі жергілікті фермерлермен кока егістігі алқаптарын келісіп отырып жоюды көздеп отыр, деп жазады «Хабар 24».

Жобаны үкімет пен билікке қарсы күресіп келген Колумбияның қарулы революциялық күштері бірлесіп жасаған. Оған сәйкес шаруа кокаин есірткісін алатын өсімдік алқабынан өз еркімен бас тартатын болса, ай сайын 350 доллар беріледі.

Сондай-ақ шаруаларға несиелеу мен субсидиялау да қарастырылған. Тіпті ескі кәсібін тастауға келіскендерге жеміс-жидек пен какао өсіруді үйретіп, техникалық көмек көрсетеді. Бұл үшін мемлекет қазынадан 340 миллион доллар бөліп, бағдарлама аясында 50 мың отбасын қамтуды көздейді.

«Әрине, үкіметте кока өсіретін шаруа қожалықтарын күштеп жою жағы да қарастырылған. Бірақ мұндай әрекеттің қазір ұсынып отырған жобаға қарағанда шығыны мол. Сондықтан фермерлермен бұл мәселені ақылдасып шешу экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді», - дейді Колумбияның «ФАРК» ұйымымен бейбіт келісім жөніндегі жоғарғы комиссары Рафаэль Пардо.