Колумбияда Шакираға 6 метрлік ескерткіш орнатылды

Фото: Фото: shakira/instagram

Колумбиялық әнші Шакираға арнап өзі туған Барранкилья қаласында жағажайға ескерткіш орнатылды. Kazinform бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты рәсімге әлемге танымал поп-жұлдыздың ата-анасы қатысты.

6 метрлік қола «Шакираны» жасаған сәулетші Йино Маркес оның 2005 жылы Hips Don’t Lie («Мықын өтірік айтпайды») әніне түсірілген бейнеклипіндегі биін көрсеткен.

Қала мэрі Хайме Пумарехо ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеп, Шакираға Кариб өңірінің бүкіл қыз-келіншектеріне шабыт көзі болып жүре бер деп тілек айтты.

«Осы сәтті ата-анаммен бөліскеніме қуаныштымын. Анамның туған күнінде осындай шаттыққа бөленгеніме ризамын», — деп жазды Шакира өзінің Instagram парақшасында.

Сондай-ақ әнші ескерткіштегі арнау мәтініне көңілі босағанын айтты.

Кейінгі кездері келеңсіздікке тап болған әнші бұрынғы сүйіктісі, футболшы Жерар Пике үшін мансабында үзіліс жариялағанын, ал ол көзіне шөп салғанын мәлімдеген болатын.

Әртістің сөзінше, ол өзінің ата-анасын үлгі етіп, сүйіктісімен өмірін бөліскісі келген.

Сол себепті жұмысқа қиын болса да Испанияға көшуге келіскен.

Бұған дейін колумбиялық әнші Шакираны біраз уақыт тұрған Испания билігі салық төлеуден жалтарғаны үшін екінші рет айыптағанын жазған болатынбыз.