Колумбияда су тасқыны салдарынан 50 мыңға жуық отбасы үйлерін тастап кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Колумбияда 14 адам қаза тауып, 50 мыңға жуық отбасы үйлерін тастап кетті. Елдің солтүстігі су астында қалды. Ел президенті апаттың ауқымын бағалады. Густаво Петро су тасқынынан зардап шеккен аудандардың үстінен ұшып өтті, деп хабарлайды БЕЛТА.
Толассыз жауған жаңбыр су тасқынына түрткі болды. Сину өзені арнасынан асып, үш ондаған муниципалитеттерге зақым келтірді. Табиғи апаттың ортасында 150 мыңнан астам адам қалды. Адамдардың айтуынша, келе жатқан қауіп туралы дер кезінде ескертпеу адам шығынына, ғимараттардың қирауына және дүние-мүліктің жоғалуына ұшыратты.
— Мен бәрінен айырылдым. Барлық заттарымды сақтай алмадым. Су деңгейі бір метрден екі метрге дейін тез көтерілді. Енді не істерімді білмеймін, — деп бөлісті жергілікті тұрғын.
Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп, адамдарға да, жануарларға да көмектесіп жатыр. Су басқан үйлерден иттер мен мысықтар шығарылды. Билік шамамен 11 тонна азық-түлік пен ветеринарлық заттарды жіберуге уәде берді.
Бұған дейін Мадагаскардың шығыс жағалауын жойқын тропикалық циклон соққан болатын. Оның салдарынан қатты жаңбыр жауып, көшкін жүріп, екпінді жел секундына 70 метрге жетті. Елдің басты порты Туамасина ең көп зардап шекті. Қаланың бірнеше блоктары қиратылды. Көптеген ғимараттар шатырларынан айырылды, ал тұрақтылығы төмен тұрғын үйлер толығымен дерлік қирады. Көшелерде тамырымен қопарылған ағаштар, сынған құрылыстар, аударылған көліктер мен мотоциклдер шашылып жатты. 900 үйден тұратын бір блокта бірнешеу ғана тұрды. Адамдар уақытша орналастыру орталықтарынан да баспана таба алмай қиналды. Тұрғындар айтарлықтай шығынға ұшырады. Құтқарушылар табиғи апаттың салдарын жою үшін күресіп жатыр. Мадагаскар халқы циклонның жақындағаны туралы алдын ала ескертілді. Мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды. Ұлттық әуе компаниясы барлық рейстерді тоқтатты.
Еске сала кетейік, Мароккодағы су тасқыны билікті 108 000-нан аса адамды эвакуациялауға мәжбүр етті.