Колумбияда ұшақ апатынан жеті адам опат болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Колумбияның солтүстігінде Cessna 207 жеңіл ұшағы апатқа ұшырады, салдарынан жеті адам қаза болды. Бұл туралы биліктің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып BNO News хабарлады.

Ұшақты Alas de Colombia аймақтық әуе компаниясы пайдаланып келеді. Букарамангадан Малагуаға аттанған Cessna 207 рейсі сәрсенбі күні күндіз жоғалып кеткен. Оның бортында алты жолаушы мен бір ұшқыш болған. Ұшақтың апатқа ұшыраған орны Букарамангадан оңтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерден табылды. Биліктің мәліметтері бойынша, Cessna ұшқышы ұшып шыққаннан кейін орын алған техникалық ақаулықтар туралы хабарлаған. Сонымен бірге ол әуежайға қайта оралатынын айтқан. Бірақ көп ұзамай әуе кемесімен байланыс үзіліп кеткен. Ұшақтың нақты қай жүйесі істен шыққаны әзірге белгісіз, деп хабарлады Интерфакс.