Колумбияда жоғалған ұшақтың апатқа ұшырағаны белгілі болды

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Колумбияда жоғалып кеткен Satena Airlines ұшағының апатқа ұшырағаны анықталды. Борттағы 15 адам көз жұмды, деп хабарлайды РИА Новости.

Caracol радиостанциясының мәліметінше, Колумбияда жоғалып кеткен 13 жолаушы мен екі экипаж мүшесі бар «Кукута-Оканья» рейсін орындаған Satena ұшағы апатқа ұшырап, борттағылардың барлығы қаза тапқан.

— Бірлескен үйлестіру штабы бүгінде байланыс үзілген Satena ұшағының табылғанын растады. Ұшақ Курасика аймағында, Ла-Плайя-де-Белен муниципалитетінің ауылдық жеріне құлады. Хабарламада тірі қалғандардың жоқ екені де айтылған, — делінген радиостанцияның сайтында. 

Hk4709 борттық нөмірі бар Beechcraft 1900 ұшағы Кукута-Оканья бағытымен ұшып, түстен кейін радардан жоғалып кетті. 

Жергілікті БАҚ-та жарияланған тізімге сәйкес, жолаушылар арасында Колумбия депутаты Диогенес Кинтеро және депутаттыққа үміткер Карлос Сальседо болды.

Еске сала кетейік, АҚШ-та ұшақ апатынан 7 адам қаза тауып, бір адам ауыр жарақат алды.