Колумбиялық партизандар темір жолға мина қойып, жарып жіберді

None
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - «Колумбияның төңкерістік қарулы күштері» партизандары темір жолда қаскүнемдік әрекет жасады. Соның салдарынан көмір тиелген жүк пойызының құрамасы рельстен шығып кетті. Бұған қоса пойыздың алғашқы 43 вагоны бүлінді, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Сондай-ақ Cerrejon компаниясының көмір кеніші мен Пуэрто-Боливар айлағын жалғастыратын темір жолдың 93-ші шақырымы мина жарылысынан бүлінген. Жарылыстан зардап шеккендер жоқ.

«Колумбияның төңкерістік қарулы күштері» 1964 жылы колумбиялық коммунистік партияның жауынгерлік қанаты ретінде құрылған болатын. Олардың саны бүгінде шамамен 8 мың адамды құрайды. 50 жылға созылған партизандық соғыс барысында 600 мыңнан астам адам қаза тапты, шамамен 3,7 млн. адам үйлерін тастап бас сауғалап кетсе, 15 мыңы із-түссіз жоғалғандар санатында.