Санта-Марта қаласының тәуекелдерді басқару және климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының басшысы Алекс Веласкес баспасөзге берген мәлімдемесінде су тасқыны салдарынан қалада төтенше жағдай жарияланғанын айтты.
Оның сөзінше, ондаған аудан су астында қалып, зардап шеккендердің саны 2 мыңнан асты.
Санта-Марта қаласының әкімі Карлос Пинедо төрт сағат ішінде қалада метр квадратқа 155 миллиметр жауын-шашын түскенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш «өте жоғары» деңгейде.
Қалада көптеген зақымдану туралы хабарлар түсті, барлық жедел қызметтер апат салдарын жоюға жұмылдырылған.
Колумбия президенті Густаво Петро X платформасында жариялаған пікірінде Санта-Мартадағы табиғи апат климаттық дағдарыстың салдары екенін айтты.
Мемлекет басшысы өңірге барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
Бұдан бұрын 24 маусымда Колумбияның Медельин қаласында қатты жауын-шашыннан кейін болған көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 22 адамға жеткенін жазған едік.