«Жастар» сарайы ғимаратына жиналған бағдарламаға қатысушылардың алды 2004 жылдан бері үй кезегінде тұрған жандар. Екі аптаға жалғасатын пәтерлерді тарату жұмысының алғашқы күнінде келушілердің саны өте көп. Бүгінде саны 32 мыңнан асқан баспана кезегіндегілер үшін бұл жолы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қала әкімдігі арқылы бір шаршы метрі 180 мың теңгелік 678 пәтер ұсынуда. Жалға беру үшін - 43, сатуға - 304 екі бөлмелі және жалға беру үшін - 126, сатуға - 205 үш бөлмелі баспаналар дайындалуда.
«Іріктеу жергілікті атқару органдары жүргізген баспана алуға мұқтаж азаматтардың тізіміне сәйкес кезек бойынша жүргізіледі. Біз барлық қажетті шараларды жасадық. Құжаттарды қабылдау кезінде ХҚК орталығы қызметкерлерінің болуын қамтамасыз еттік. Екінші қабатта қажетті анықтамаларды алуға мүмкіндік бар, сонымен қатар баспанаға мұқтаж жандардың жағдайы туралы анықтама алуға болады. Біздің қызметкерлер халыққа бағдарламаның шарттары туралы егжей-тегжейлі баяндап беруде», - дейді Астана қалалық тұрғын үй басқармасы директорының орынбасары Асқар Елеужанов. Әр шаршы метрі сатып алған жағдайда 180 мың теңгені, ал жалға алғанда әр ай сайынғы төлем 95 мың теңгені құрайтын пәтерлер Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік ұйым қызметшілеріне, әскери қызметкерлерге, ғарышкерлiкке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттiк орган қызметкерлерiне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын азаматтарға беріледі. Құжат қабылдау 25 қазанға дейін дүйсенбі-жұма күндері сағат таңғы 9-дан кешкі 18-ге дейін жалғасады. Сенбі күні келушілерге сағат 9-дан 13-ке дейін қызмет көрсетіледі, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.