Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Татьяна Яковлева осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, сауалға «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жекелеген өңірлерде игерілмеуіне байланысты оны біржақты алып қою туралы шешімнің қабылдануы болып отыр. Бұл ретте Т. Яковлева 2013 жылы бағдарлама аясында жалпы республика бойынша пайдалануға 6,8 млн. шаршы метрді құрайтын баспана берілгенін, соған қарамастан, Маңғыстау, Жамбыл секілді облыстарда жоспардың орындалуы «нөл» деңгейінде тұрғанын айтады.
«Бағдарламаның «Жас отбасы» бағыты бойынша пайдалануға баспананың 70 пайызы ғана берілсе, кейбір өңірлер осы бағыттағы жоспарды мүлдем орындамаған. Бұндай жағдай тек биыл ғана қайталанып отырған жоқ. Дегенмен, игерілмеген қаражаттары алып қойылатын өңірдің халқы бағдарламаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекетсіздігінен жапа шекпеуі керек. Сондықтан да, өңір халқына баспана мұқтаждығын шешудің теңдей мүмкіндігіне қатысты құқықтары сақталуы керек», - дейді депутат Яковлева.