Және оны іске асыру үшін «Жол картасы» - бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-қимылдардың жоспары жасалып отыр, деп хабарлады pm.kz сайты.
І кезеңде (1 шілдеге дейін) облыстар мен Алматы және Астана қалаларының әкімдіктері облыстарға қарасты қалалар мен аудандардағы тұрғын үй құрылыстарының өңірлік жоспарларын әзірледі. Ал ІІ кезеңде - 1 шілде мен 1 тамыздың аралығында - өңірлер Құрылыс және ТКШ істері агенттігімен бірлесе отырып тұрғын үй құрылысының облыстық жоспарларын жасаулары тиіс.
Атап айтқанда, әкімдіктер елді мекендерде тұрғын үй құрылысына жарайтын жер телімдерінің бар-жоқтығы, жер телімдерінің инженерлік-коммуникация инфрақұрылымдарымен қамтылуы, жер телімдерінің түгенделуі, сондай-ақ бас жоспарларға өзгертулер енгізу қажеттілігі туралы мәліметтерді, жобалау және тағы басқа құжаттарды тапсырады.
Оған қоса, бағдарламаның барлық бағыты бойынша 2020 жылға дейін елді мекендер бөлінісінде және жылдар бойынша іске қосылатын тұрғын үй көлемдері бойынша мәліметтер әзірленеді. Және жаңа құрылысты ескере отырып сумен және энергия ресурсымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша ақпарат беріледі. Сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісін дамыту және заманауи үй құрылысы комбинаттарын салу мәселелері зерделенуде.
Айта кету керек, баспана қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі жер телімдерімен және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету болып табылады. Құрылыс және ТШК істері жөніндегі агенттіктің ақпараты бойынша, жаңа құрылыстар салынып жатқан аудандарды сәйкес инфрақұрылымдармен барынша қамту үшін 2014 жылдан бастап инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қаржыландыру сомасын 100 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Сондай-ақ «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша ескі және апатты жағдайдағы үйлерді сүріп тастау шаралары да қарастырылған. 2013 жылдан бастап Астана қаласында және Маңғыстау облысында осындай жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Агенттіктің дерегі бойынша, Астанада 2 978 үй қайта жаңартуды және сүріп тастауды қажет етеді. Олардың орнына жобаланып отырған тұрғын үйлердің ауданы 3,1 млн. шаршы метрді шамалайды. Ал Маңғыстау облысында ілкі жобаларға Ақтау және Жаңаөзен қалаларын қатыстыру қарастырылуда және Ақтауда апатты жағдайдағы 14 үй сүріп тасталмақ. Мұнымен қоса, Ақтауда бұзылатын үйлердің тұрғындары мен Жаңаөзен қаласынан қоныс аударылатын тұрғындарға баспана салу жоспарлануда.
"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауымен жүктелген тапсырмалар бойынша іске асырылуда және оған сәйкес 2020 жылға дейін Қазақстандағы құрылыстың көлемін жылына 10 млн. шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.