«Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында ірі панелді үй құрылысының технологиясы қолданылады

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру еліміздің тұрғын үй қорын толықтырып қана қоймай, сонымен қатар республикадағы құрылыс индустриясын дамытуға да жаңа серпін береді.

Бағдарлама аясында каркастық-жинау және ірі панелді үй құрылысы технологиясын қолдану ұсынылады. Бұл туралы Pm.kz сайтынан хабарланды.

Тоқтала кететін жайт, үй құрылысы комбинаттары жүйесін дамыту «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының басым бағыты болып табылады. Бұл ретте ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин Қазақстандағы баспананың қолжетімділігі, бірінші кезекте, сапалы, қымбат емес құрылыс материалдарын қолдану есебінен, екіншіден  құрылыс жұмыстарын жыл бойы жүргізу есебінен қамтамасыз етілуі керек деп есептейді.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасына түзетулер енгізілетін болады. Енді каркастық-жинау үй құрылысынан басқа, үй құрылысының мерзімін азайтып, құнын төмендету үшін басымдылық ретінде ірі панелді үй құрылысы қарастырылады», - деген еді С.Нокин бұдан бұрын Pm.kz сайтына берген сұхбатында. Бүгінгі күні үй құрылысы компанияларының орналасатын аумақтық орны мен олардың «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысуы деңгейін анықтайтын арнайы жұмыс тобы құрылған.

Сонымен қатар, үй құрылысы комбинаттарының негізгі артықшылықтары жоғары деңгейдегі өнімділік, әрі жоғары деңгейдегі сапаны сақтай отырып жылдамдық пен  төмен бағаға қол жеткізу болып табылады. Өнім көп қабатты, аз қабатты және жеке тұрғын үй құрылысында қолданылуы мүмкін. Елімізде үй құрылысы комбинаттарын ұйымдастыру үшін үй құрылысы индустриясына арнап зауыттар мен қондырғылар жинағын өндіретін шетелдік компаниялардың тәжірибесі зерттелді.

«Ірі панелді үй құрылысы технологиясы Ресей мен Белорусияда кеңінен қолданылады, осы технологияны пайдалану арқасында тұрғын үй проблемасын жақсартуға қол жеткізіледі. Ірі панелді құрылыс қарқынды арттырып, құрылысты арзандатуға, оның мәдениеті мен сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Ірі панелді үй құрылысының заманауи технологиялары барлық пайдалану сапалары бойынша бүгінгі күннің нормативті талаптарына сай келеді», - деп мәлімдеді Pm.kz сайтына Астана қаласындағы «Шар Құрылыс» комбинатының құрылыс жөніндегі жоба жетекшісі Дінмұхаммед Құсайынов.  Ал болжамдық баға бойынша, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2020 жылға қарай отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің үлесі 90% дейін артады.

Тоқтала кететін жайт, қазір аталған бағдарлама бойынша негізгі құрылыс жұмыстары көлемін есепке ала отырып, құрылыс материалдарына сұраныс қайта есептелді. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, республикада құрылыс материалдарын өндірумен 1 254 кәсіпорын шұғылданады, олардың 199 ірі кәсіпорындар. Индустрияландыру бағдарламасының екі жылы ішінде жалпы сомасы 117 млрд теңге болатын 85 құрылыс жобасы пайдалануға берілді. 2012-2014 жылдары 200 млрд. теңгеден астам соманың 35 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Қазақстанның құрылыс индустриясы республиканың экномикалық дамуының көшбасшысы болады. Аталған салаға инновациялық технологияларды тарту сапалы әрі арзан құрылыс материаалдарын өндіруді, сөйтіп «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына сұранысты қамтамасыз етеді.