Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов өңірде ірі құрылыс компаниялары мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысына қатысудан бас тартып отырғандықтарын сөз етті. Бүгінде тұрғын үйдің бір шаршы метрі 80-90 мың теңге көлемінде. Алайда құрылыс компаниялары барлық шығыстарды жабу үшін шаршы метр құны 122-127 мың теңгеден кем болмауы тиіс екенін алға тартуда. Бұл тұрғыда олар Алматы облысында нысандардың құрылысында сейсмологиялық берік құрылыс материалдарды пайдаланған кезде қосымша шығыстар туындайтынын айтуда. Өз кезегінде Премьер-Министр белгіленген деңгейден баспана құны арттырылмайтынын қадап айтты. «Қалай қиын болғанымен де, біз жақында бір шаршы метрдің бағасын 10 мың теңгеге арттырдық. Енді бұдан артық көтере алмаймыз. Адамдардың табысы да қарқынды өсіп отырған жоқ», - деді С. Ахметов. Осы орайда ол бұл бағытта Ақтөбе облысын жақсы үлгілердің бірі ретінде атап өтті. «Бұл өңірде бір шарты метр 90 мың теңге. Олар бұл соманы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі желісі бойынша жалға алушылар үшін және басқа да бағыттар бойынша да сақтап отыр. Алайда бұл жерде жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру жүріп жатыр. Сіздер өз облыстарыңыздың тұрғындары үшін осылай іс-қимыл жасауларыңыз қажет», - деп тапсырды Үкімет басшысы әкім орынбасарларына қаратып айтқан сөзінде.
14:00, 30 Қаңтар 2014
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің бағасы өспейді - Үкімет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспананың құны өспейтіндігін жеткізді.