«Қолжетімді баспана кімдерге тиесілі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазір жыртқыш құстарды сән үшін ұстайтындар мен оны саяхатшылардың көзбен көріп, қолмен ұстауына мүмкіндік беру арқылы табыс көзіне айналдырушылар саны жыл сайын өсіп келе жатыр. Осыған орай қыран құстардың заңсыз саудасы қызып тұр. «Көшпенділер мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының президенті Сейдомар Батыржанның айтуынша, осыған орай еліміздегі киелі құстарымыздың ұясынан балапан өрбітуі күрт азайып кеткен көрінеді. Оңай олжаға құныққандар киелі құсты аңдып жүріп, қанаты жетілмей жатып балапанын қолды етеді екен. Осы мәселе арқау болған мақала газеттің бүгінгі санында «Құсбегілік қазақтың бренді бола ала ма?» деген тақырыппен берілген.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ - «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы операторларының бірі. Ол үлескерлердің мәселелерін шешу, қаңтарылған нысандардың құрылысын аяқтау және жылжымайтын мүлік нарығын тұрақтандыруға жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын. Жылжымайтын мүлік қоры қазіргі күні қандай істермен шұғылдануда? Қордың қатысуымен салынған үйді қалай алуға болады. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті қордың басқарма төрағасы Болат Палымбетовпен арадағы сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отыр.

Бұл мәселе «Қолжетімді баспана кімдерге тиесілі» деген тақырыппен берілген сұхбатта кеңінен қамтылған.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Жүргізушілер таразыға неге наразы?» атты мақала жарияланды. Жол бойындағы жемқорлық жүк көлігін жүргізушілердің бас ауруы болған бір кезде. Олар көлік салмағын инспекторлар көзбен өлшеп, ойына келген айыппұлды белгілейді деп жиі шағымданатын. Көлік және коммуникация министрлігі осы олқылықтың орнын толтырып, мәселені өркениетті жолмен шешу үшін еліміздің алты өңірінде - Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарында автоматтандырылған өлшеу құралдарын орнатқан болатын. Иә, өткен жылы осындай 13 өлшеу құралы, қарапайым тілмен айтқанда, жүк көлігінің салмағын автоматты түрде өлшейтін таразыларды пилотты режимде іске қосты. Енді осы таразы жүк көлігі иелерінің наразылығын туғызып отыр. Неге? Аталмыш мақала осы түйткілді қозғаған.

Осы басылымның жазуынша, жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде болып, партияның Павлодар облысындағы филиалының кезектен тыс XIV конференциясына қатысты. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын іске асырып жатқанын айта кеткен жөн. Аталмыш жоба бойынша алғашқы айдың өзінде 500-ден аса мүгедек жұмысқа тұрып үлгерді. Айта кетер тағы бір дерек, Жамбыл облысындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде мүмкіндігі шектеулі 200 кісі еңбекке тартылды. Павлодарда партия Төрағасының бірінші орынбасары мүгедек азаматтардың жұмыспен қамтылуы бойынша облыста қолға алынып жатқан іс-шаралармен танысып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеге қатысушылармен жолықты. Бұл жайында «Партия мүгедек жандарға мән береді» деген мақаладан қараңыздар.

***

«Жас қазақ» басылымының соңғы санында «Пик-тің есепшоты да жоқ» деген мақала берілген. Иманғали Тасмағамбетов ешкімге есеп бермейтін ПИК-тердің жұмысындағы басты түйткілдерге тоқталды. «Оларда қанша ақша айналымда жүргені ешкімге беймәлім. Сондықтан олардың 60 пайызға жуығы немесе 204 ПИК-тің 128-і қаражаттың жалпы сомасын көруге мүмкіндік беретін Бірыңғай есептеу орталығының қызметін неліктен пайдаланбайтынын түсіндіру қиын. Тіпті олардың 24-інің есепшоттары да жоқ. Ал тұрғындар жиналатын ақшаның қайда жұмсалатынын білуге хақылы. Бір жылдың өзінде ғана олардың есепшоттарында миллиардтаған ақша жинақталады. Алайда ол қайда жұмсалатыны және қандай мердігермен келісім жасалатыны белгісіз» деп бұлтартпас айғақты алға тартты қала басшысы. ПИК-ке қатысты жағымды жаңалық та жоқ емес. 18 ақпанда әкімдік, тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы және ПИК қауымдастығы үшжақты меморандумға қол қойыпты. Сол құжатқа сәйкес, бірқатар іс-шаралар қолға алынбақшы. Біріншіден, 1 айдың ішінде барлық ПИК-терге есепшот ашып, Бірыңғай есептеу орталығына көшу міндеттеледі. Екіншіден, биылдан бастап халықтан шағым көп түскен ПИК-ті құзырлы органдар тексеруді қолға алады. Үшіншіден, аудан әкімдері тұрғын үй инспекциясымен бірлесіп, 1 айдың ішінде барлық ПИК-тердің типтік құрылымын, штаттық кестесін, жалақы мөлшерін белгілейді.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Абай туралы естеліктер» оқырманға жол тартты» атты мақала жарияланды. Кітап Абай Құнанбайұлының өмір­баяны мен шығармашылығын жан-жақты білуге қызыққан зерттеушілер мен әдебиеттанушыларға, магистранттар мен студенттерге, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына, жалпы қалың оқырманға арналған.