«6 айда 4,4 мың пәтерден тұратын 54 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Салымшылардың бір бөлігі өз қарыздарын алып, үйлерге қоныстанса, бір бөлігі қарыз алуға құжаттарын рәсімдеуде. Кейбір пәтерлер бойынша әкімдіктер құқық орнатушы құжаттарды әлі де рәсімдеу үстінде», - деді М.Шәріпов.
Сонымен қатар, ол жылдың соңына дейін тағы да 81 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6,5 мың клиент өз пәтерлерін алатынын жеткізді.
«Өздеріңізге де белгілі, үйлердің құрылысын әкімдіктер жүзеге асырады, ал банктің қызметі қаржыландыру және тұрғын үйді сатып алу. Барлығы 23 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Халықтың «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына қызығушылығы қарқынды түрде артып келеді. Егер қаңтар айында адамдар оған белсенді қатыспаған болса, бүгінгі таңда кейбір өңірлерде 1 пәтерге 4-5 адам өтініш береді. Конкурс өте үлкен», - дейді ҚТҚЖБ басқарушы директоры.
Бұдан өзге, ол бүгінгі таңда банктің әкімдіктерге 15,9 млрд. теңге аударғанын хабарлады, бұл сома салымшылардың, банктің қаражаттарынан және мемлекеттік бюджеттің несиесінен тұратынын айтты. Осы соманың жартысына жуығы - салымшылардың ақшасы.
Жергілікті атқарушы органдар жалпы 12 764 пәтердің құрылысына 157 келісім жасасты.