«Қолжетімді тұрғын үйге қол жетті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында кеше еліміздің Қаржы министрлігі Кедендік бақылау ко­ми­теті­нің алқа отырысы өткендігін хабарлайды. Алқада кеден саласында құ­қық бұзушылықтар мен қылмыс­тардың алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі тиімді шараларды әзірлеу бойын­ша мәселелер де талқыланды. Өткен жылы кеден органдары 507 қылмыстық және 10 128 әкім­шілік іс қозғаған, олар бой­ын­ша 10 млрд. теңге шығын қай­та­рылды. Қылмыстық істер бой­ынша алынған тауардың және контрабандалық валютаның со­ма­сы 1,2 млрд. теңгені құраса, есірткі контрабандасының 84 дерегінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 276 кг. әртүрлі есірт­кі заттары, соның ішінде 49 кг. героин алынды. Алқа мәжілісінде көтерілген мәселелерді  «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Кеденде кемшілік кемиді» атты мақаладан оқисыздар.

 «Егемен Қазақстан» басылымы сондай-ақ  «Қолжетімді тұрғын үйге қол жетті» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, Елбасы   биылғы Жол­дауында қолжетімді тұрғын үй бағдар­ламасының жүзеге асыры­луы­на ерекше көңіл бөлді. Үкімет бұл бағытта өткен жылдың наурыз айында еліміздегі тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жыл­дарға арналған бағ­дар­ламасын бекітті. Ал «Қазақ­станның тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ аталмыш бағдарламаның негізгі орындау­шысы болып табылады. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында республикалық бюд­жеттен жергілікті атқару­шы органдарға 80,84 млрд. теңге қаржы бөлу жос­пар­ланды. Есеп-қисап бойынша құрылыс көлемі 800 мың шар­шы метрді немесе 13 мыңнан аса пәтерді құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қолға алы­нып жатқан тұрғын үй­лердің таза әрленген 1 шаршы метрі Алматы қаласында - 142,5 мың теңге, Астана, Ақ­тау, Атырау, Өскемен қала­ларында - 112, 5 мың теңге және басқа облыс орталықтарында 90 мың теңге мөлшерінде белгіленіпті.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, көктем  қыр астында. Диқандар жер өңдеу жорығын бастайды. Қазақстанның базарларына Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан сияқты елдерден көкөніс үздіксіз келіп жатыр. «Қазақстанға 5 Франция сыйып кетеді деп қалпағымызды аспанға атып мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Ал сол жерді қалай өңдеп, қалай пайдаланып отырмыз? Қаңтар айында Түркияда, Анталия аймағында болдық. Бос жер жоқ. Бәрінде қаптаған жылыжай. Жылыжай салынбаған аудан жоқ есебі. Жылдың төрт мезгілінде сол жылыжай тұрақты өнім беріп тұр. Соның арқасында Түркия тіпті пістенің бір түйірін де сырттан сатып алмайды. Қазақстанда жылыжай шаруашылығын дамыту туралы Елбасы 1992 жылдан бері айтып келеді. Бірқатар жобалар жасалып, жұмыс істеген жылыжайлар жоқ емес, бар. Бірақ жаппай дамып жатқан жоқ. Әр өңірде жақсы жұмыс істеп тұрған бір жылыжай болса, оған да қанағат дер едік. Өкінішке қарай, бұл тарапта ауыз толтырып айтар жетістік шамалы»,-деп жазады басылым. Бұл мәселе жөнінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Айқынның» бүгінгі санындағы «Жылыжайсыз жер жатыр...» атты мақаланы қараңыз.

 Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Қызылшадан қадір қашты» атты мақала басып, көкейкесті мәселе қозғайды. Басылымның жазуынша, заманында Кеңес Одағын мыңдаған тонна ақ қантпен қамтамасыз етіп, мыңдаған гектар алқапқа қант қызылшасын өсірген, осы дақылдың арқасында ондаған Еңбек Ерлерін шығарған Жетісу жерінде соңғы жылдары тәтті түбірдің тағдыры тәлкекке түсіп, жылдар бойы қант қызылшасының арқасында нәпақа тауып келген шаруалар үйренген кәсіптерінен қол үзе бастады. Тәтті түбір өсіруден басқаларға өнеге көрсетіп, рекордтық түсімге қол жеткізген шаруашылықтардың шаруасы кері кетіп, жыл сайын көктемде кімге сенерлерін білмей, тәтті түбірдің көлемін кемітіп алмау үшін уәдені үйіп-төгетін атқарушы билік пен «күзде өнім алғанда барлығын жарылқаймыз» дейтін қайта өңдеушілердің айтқандарын істеуге мәжбүр болады. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санынан оқыңыздар.

***

Қазақстан әуе жолының оңалар түрі көрінбейді.  Еуропа мемлекеттері ұшақтарымыздың ескілігінен елдеріне ұшуға тыйым салған кезді де бастан кешірдік. Сөйтсек, біздің елдің ұшақтары ғана емес, сол ұшақтар қонатын «ұясы» да ұятты халде екен. Әсіресе, аймақтардағы ахуал адам шошырлық. Стратегиялық маңызды қалалардың бірі -Қызылжардағы «халықаралық» деген дардай аты бар әуежай апатты жағдайда. Ұшақтар қонатын жолақ жібі түзу жөндеу көрмегелі 38 жыл болыпты. Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Әуежай емес, әурежай болып тұр» атты тақырыппен басылды.

 Осы басылымның жазуынша, әлемде жыл сайын 5 жасқа дейінгі 2 миллионға жуық бала өкпе қабынуынан көз жұмады екен. Сондай-ақ әлемде балалар арасында өлім себебінің 20 пайызын осы ауру құрайды. Ал Қазақстандағы балалар арасындағы өлімнің 18 пайызы осы өкпе қабынуынан болатын көрінеді. Енді балалар арасындағы бұл қауіпті аурудың алдын алу үшін елімізде не жасалып жатыр? Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Балалар пневмониясы алаңдатады» атты мақаладан қараңыз.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Алматыда жылдағы дәстүр бойынша екі республикалық конкурстың қорытындысы шығарылды. Олар Сейдахмет Бердіқұлов атындағы 2011 жылдың үздік спортшысы мен 2011 жылдың үздік спорт журналисі. Ал үздік спортшылар жүрген жерде үздік бапкерлердің де аймақтардың спорт саласында  аты шыққан айтулы азаматтары да, болашақ чемпиондар да жүретіні белгілі. Осылардың барлығының есімдері Алматыда өткен конкурстың жеңімпаздарын марапаттау ресімінде белгілі болды. Конкурста кімдердің үздік шыққаны «Казахстанкая правда» басылымының бүгінгі санындағы «Наша спортивная гордость» атты мақаладан оқисыздар.