Медициналық қызметті тиісті дәрежеде ала алмаған 2 500-ге жуық ұлытаулық басқа өңірге көшті
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысындағы медициналық инфрақұрылым мен ана мен бала өлімінің көбеюіне қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов брифингте мәлімдеді.
Брифинг барысында Ұлытау өңірінде медициналық қызметті тиісті дәрежеде ала алмаған соң және инфрақұрылымның нашарлығы салдарынан 2 500-ге жуық адам басқа өңірлерге қоныс аударғаны және ана мен бала өлімінің өсуі айтылып, нақты сұрақтар қойылды. Вице-министр бұл мәселелерді жүйелі шешу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту көзделіп отыр деді.
— Ұлытау облысы бойынша мастер-планды аяқтадық. Облыс тұрғындарының саны шамамен 230 мың адам. Бұл — шағын аймақ. Сол себепті біз халық саны мен демографиялық өсімді ескере отырып, қажетті медициналық нысандарға деген сұранысты айқындадық. Қазіргі уақытта бұл жоспар толық әзірленді, — деді Тимур Мұратов .
Оның айтуынша, облыстық аурухананың инфрақұрылымын жаңарту қажет. Бұл бағытта өңір әкімдігімен бірлескен жұмыс басталып кеткен.
— Облыстық аурухананың жанынан жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, перинаталдық бөлім салу қажет. Бұл мәселе келісіліп, тиісті жұмыс басталып кетті, — деп нақтылады ол.
Бұған дейін, денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленіп жатырғанын жазғанбыз.