«Қомақты қаржы керек»: Келер жылы қазақстандық фильм «Оскар» ала ма?

Фото: Коллаж: Canva

Таяуда қазақстандық режиссер Асхат Көшеншерековтің «Бауырына салу» атты толықметражды фильмі Қазақстан атынан 2025 жылғы «Оскар» сыйлығының «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясына ұсынылған болатын. Осы орайда фильм авторы Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

– Білуімізше, «Бaуырына салу» фильмі – режиссер ретіндегі алғашқы туындыңыз. Қазақтың бауырына салу дәстүрін кинотуынды мазмұнына негіз етуге не себеп болды?

– Басты себеп – өзім сол дәстүрмен тәрбиелендім. Дәстүрді ішінен білемін. 1 жасымнан өзге шаңырақта өстім. Сондықтан тақырып туралы фильм түсіргім келді. Әдебиетте де, кинода да бауырына салуды ашып суреттеген ешкім жоқ. Дәстүрдің ығымен отбасынан ажыраған адамдардың қандай күй кешетінін, болашақ тағдыры туралы ашып айтылмай келді. Бүгінге дейін жарыққа шыққан туындалардың өзі атүсті. Ауылда тұрсын, қалада тұрсын, әр қазақтың шаңырағы кезіккен мәселе. Тарихи жадымызда тұр. Кинода бауырына салу дәстүрін баланың көзімен жеткізгім келді.

– Қоғамда көп айтылмағанымен, аталған дәстүрдің зардабын тартқан жандар аз емес. Ұят пен намыс арасында булығып, әке-шешесін жақын тарта алмайтындардың жанайқайын көп естідік. Әсіресе аға буынның ішінде өкініш көп. Кино жарыққа шыққаннан кейін фильм кейіпкерімен тағдырлас азаматтар оқиғасын баяндап, пікір білдірген жағдай болды ма?

– Жоба идеясы туындаған сәттен бауырына салу дәстүрін терең зерттедім. Кейіпкерлермен жолықтым, тарихи мәліметтерді ақтардым, психологтармен кездестім. Сол кезде түрлі платформада желі қолданушыларының пікіріне кезіккенім бар. Оқиғасын оқысаңыз, жанға батады. Мысалы, бір ер азаматтың жазбасын байқадым. Айтуынша, қарындасы босанып, бала қырқынан шықпай жатып көрші ауылдағы әпкесінің үйіне барады. Шақалақты да ала келген. Туыстар қауышып, біршама уақыт отырады. Әпкесінде бала жоқ екен. Қайтар сәтте бауырының алдын бөгеп, сіңлісіне баланы қалдыруын сұрап боздап қоя береді. Қарсылыққа қарамастан әрі-бері үгіт жасап, соңында бала сол отбасында тәрбиеленген. Қызығы, қарындасының енесі де қарсы болмапты, тағдырға сілтеп, жазмыштың жазғаны деген.

Түсірілім барысында да тағдырлас адамдарды байқадым. Фильм жұмысына қатысқан кейуана болды. Өкініштісі, ресми көрсетілімге он шақты күн қалғанда өмірден өткенін естідік. Көрсетілімге алпыстан асқан қызы келді. Ол да бауырына салу дәстүрінің құрбаны болған, өзге шаңырақта өскен. Көрсетілімнен соң көзіне жас алып, шешесінің соңғы сөзін жеткізді. Кейуана дүние саларда өзге отбасында өскен қызына алғаш және соңғы рет «ана» деп айтуды сұраған екен. Бауырына салумен өскен баланың бәрінде бар жан жарасы болар, қызы ақыры «ана» деп айта алмапты. Бұл өкініш менде де бар.

Фото: "Бауырына салу" фильмі

 

– Америкалық Willa компаниясы «Бауырына салу» фильмін шетелдік көрерменге ұсыну үшін халықаралық прокат құқын сатып алды. Кассалық түсім қалай бөлінбек, авторлық қаламақы мөлшері белгіленді ме?

– Willa-мен жасалған келісімшарт енді жүзеге асады. АҚШ-тағы кино көрсетілімі келер жылы көктемде басталады деп жоспарланған. Содан түскен түскен табыстың белгілі бір бөлігін аламын. «Бауырына салу» фильмі «Оскар» сыйлығының үміткерлер қатарына енді. Барлығы байқаудың қорытындысына байланысты болмақ.

– Фильм бұған дейін Австрия, Баку, Сан-Себастьян фестивальдерінде және Азиялық-Тынық мұхит киножүлдесінде (APSA) бірнеше марапатқа ие болды. Ендігі бағдар – «Оскар» сыйлығы. Халықаралық байқауда жүлдеге ілігу ықтималдығы қандай?

– Қаржы мүмкіндігіне сай жұмыс істедік. Әсіресе, АҚШ-та «Бауырына салу» фильмінің жарнамасын жүргізу бағытында көп жұмыс атқарылды. Жақсы нәтиже болады деген үміт бар. 17 желтоқсанда сыйлыққа үміткерлердің ресми шорт-парағы жарық көреді, сонда бәрі белгілі болатын шығар.

Айта кететін жайт. «Оскар» сыйлығын иелену үшін қомақты қаржы, үлкен дайындық керек. Себебі Голливуд – маркетинг отаны. Фильм туралы мәлімет қай басылымға жарияланғаны, кім жазғаны, қай бетке шыққанына дейін рөл атқарады. Ал ақпарат ресурстарына жариялау, жарнама қомақты қаражатты талап етеді.

– Кей кинотанушы «Бауырына салу» фильмін артхаус жанрына жатқызады. Әлемдік киноиндустрияда бұл бағыт жалпыхалықтық қаралымға емес, байқауға арналған сапалы өнім саналады. Сіздің пікіріңізше, бұл пікір қаншалықты орынды?

– Әрине, авторлық фильм сапалы киноөнім болуы керек. Ал өнерде сапалы туынды бағалануы үшін додаларға қатысуы міндет. Осы межені әр мемлекеттегі авторлар өзінше орындап, ерекшеленуге тырысады. Бастысы, ұлтының бірегей болмысын, таным-түсінігін кинода көрсету – оқ бойы озуға бірден-бір мүмкіндік. Себебі авторлық фильмнің өзегі ұлттық тамырдан өрбиді. Көп елді кино арқылы тануымыздың сыры да осында жатыр.

Алайда авторлық фильмдер коммерциялық жобаларға ілесе алмайды деген сөз емес. Мысалы, көрерменге белгілі «Өкіл әке» киносы авторлық фильм саналады. Бірақ аталған фильм кең таралып, кассалық түсімі жоғары болғанын білеміз.

– Қазір отандық және әлемдік нарықты жеңіл-желпі мазмұндағы фильмдер жайлады. Аталған үрдіс кино өнерінің дамуына кері әсер етіп жатыр деп санамайсыз ба?

– Осы орайда қызық ұстаным бар. Кейбір кинотанушы жеңіл-желпі мазмұндағы фильм кейін салмақты киноның шығуына түрткі болады деп ойлайды. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Мәселен, киноиндустриясы дамыған АҚШ, Қытай, Үндістанға қарасаңыз, оларда әлемге танымал режиссер саны саусақпен санарлық. Яғни, сапалы кино индустрияға байланысты емес. Сол себепті мазмұны жеңіл фильм өнерді дамытпайтынын ұққан жөн.

– «Бауырына салу» фильмі «Ұлттық киноны қолдау орталығының» демеуімен түсірілгенін білеміз. Фильм жобасын ұсынған уақытта комиссия тарапынан фильм сценариіне өзгеріс енгізу ұсынысы болды ма? Жобасының алғашқы нұсқасы қаншалықты сақталды?

– «Бауырына салу» фильмінің жобасына байланысты «Ұлттық киноны қолдау орталығына» өтінім берген сәтте ерекше қолдауды сезіндім. Жобаның мазмұнына өзгеріс енгізу немесе қайта даярлау туралы сөз болған жоқ. Керісінше, орталық тарапынан барынша демеу болды. Фильм түсірілімі пандемия кезінде – 2020 жылы басталды, 3 жыл уақыт кетті. Соған қарамастан орталық уақыттан қыспай, көмек беруге тырысты. Сондықтан жас таланттардың жарыққа шығуына септесіп, әлемдік деңгейдегі туындыны жарыққа шығаруға мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз.