«Командалық «көші-қон» жойыла ма?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Осындай бір алқалы жиын өткізудің толғағы көптен жетіп, толғандырған мәселелердің қордаланып қалғандығы да белгілі болғандай еді. Елбасы төрағалығымен өтіп, оңтүстік өңірдің көкейкесті мәселелерін кеңінен қозғап, қамтылған облыстар алдына өрелі міндеттер қойған келелі кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев, Пре­зидент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Ғабидол­ла Әбдірахымов, Алматы қала­сының әкімі Ахметжан Есімов, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Оңтүстік өңірлер алдында орасан міндеттер тұр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Елбасы наурыздан бастап мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі енгізілгенін, осыған байланысты барлық қажетті Жарлыққа қол қойылғанын атап өткен. «Бірінші шілдеге дейін басқарушылардың жаңа корпусы жасақталуы керек, оның құрамына қалалар мен аудандардың әкімдері кіреді. «А» корпусына үміткерлерді іріктеуді қатаң жүргізуді тапсырамын. Олар халық пен мемлекет мүддесіне берілген кәсіби қызметшілер болуға тиіс. Биылғы шілдеден бастап ауыл әкімдеріне қосымша 5000 адам, қаражат және өкілеттік беріледі. Ең шалғай ауылдардың тұрғындары жаңа өзгерістердің тиімділігін сезінуі керек», - деді Мемлекет басшысы.

***

«Наурыз мерекесі қарсаңында қалың бұқараға жол тартқан «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі бір аптада 31,3 млн теңге жинады», - деп жазады «Айқын» газеті. Қазақ анимациясының тари­хын­дағы тұңғыш толықметражды фильмді жасауға 1,2 миллион тең­ге көлемінде қаржы жұмсалды. Ертегіні экранға шығаруға арнал­ған топ құрамына 50-ге жуық адам жұмылдырылып, 3 жыл бойы ең­бек етті. Бастапқыда мульт­­фильм 2D технологиясы бойын­ша тү­сі­рілуі тиіс еді, дегенмен шығар­ма­шылық топ 3D жан­рында шы­ғару­ды жөн санаған. Басылым бетінде жарық көрген ақпарат «Ер Төстік» бір аптада байыды» деген тақырыппен берілген.

26 наурыздан бастап мемлекеттік қызмет мәселелерi бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерiстер мен толықтырулар күшіне енді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов «жаңа заңнама командалық «көші-қонға» түбегейлі тыйым салады» деп сүйінші сұрап жатыр (тек көмекші, кеңесші және баспасөз хатшысын тағайындауға ғана рұқсат етіледі екен). Бұл бірінші кезекте қатардағы мемқызметкерлер үшін жағымды жаңалық болғаны анық. Себебі «басшылық ауысқан сайын, жұмыссыз қаламыз ба?» деп берекесі қашатын солар ғой. Алайда, команданы «көшіріп» апарудың амалын табатындар табылады дейтіндер де жоқ емес. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Командалық «көші-қон» жойыла ма?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.

***

Шыны керек, азық-түлік бағасынан бастап, жолақысы, жанар жағармай бағасының бірден күрт көтерілуі деген бұрындары жұртшылықты дүр сілкіндіретін оқиға болса, шыны керек, бүгінде қит етсе, орын ала қоятын жағдайға айналды. Бүгін жүз теңгенің заты, күні ертең 120 болып кетсе, ешкім таң қалмайтын да, қарсы шықпайтын да болды. Себебі көнбеске лаж жоқ, қарсы шық, шықпа, одан нәтиже жоқ. Алайда осы дұрыс па? Халық қашанғы жалақысы өспей, ал бағаның үздіксіз өсіп отыруына шыдауы керек? Осы мәселеге нүкте қоярлық кез жеткен жоқ па? Жалпы баға саясаты туралы мәселе «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында егжей-тегжейлі талқыға салынған.