Көмір бағасына делдалдар қалай ықпал етіп жүр
«Жылу беру маусымы қарсаңында көмір нарығында бағаның деңгейін жасанды түрде өсіру байқалады. Бірінші кезекте бұл жағдай көмір өндірушілері мен тұтынушылары арасында бірқатар делдал ұйымдардың болуына байланысты. Біз олардың іс-қимылдарына ықпал ете алмаймыз», - деп тоқталды Қ. Сауырбаев.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы 7 айда компания 56 млн тонна көмірді тасып үлгерді және бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңінен артықтау. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер бойынша тұтынушылар үшін 4,5 млн тонна көмір жеткізіліп, былтырға қарағанда 10 пайызға жоғары болды.
Жыл соңына дейін 106,5 млн тонна көмір тасымалдау жоспарланып отыр. Оның ішінде қазақстандық тұтынушыларға 75,9 млн тонна жеткізілмек.
Қ. Сауырбаевтың айтуынша, компанияда аталған жүкке арналған 54 мың ашық вагон бар, соның 29 мыңы көмір тасымалына жұмылдырылған. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 4 мың вагонға артық. Коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдауға 9 мыңнан астам ашық вагон тартылды. Жылжымалы құрамның тапшылығын болдырмау мақсатында ашық вагондарды көмір разрездеріне бекіту шаралары іске асырылды.