Министрдің айтуына қарағанда, көмір саласын инновациялық дамытудағы басым бағыттардың бірі - терең өңдеу.
«Бүгінгі күні осы сегмент еліміздегі электр энергиясын өндірудің 74 пайызын құрап отыр. Көмір - химиялық өнеркәсіптегі 100 пайыздық жүктемені атқарып, халықтың коммуналдық-тұрмыстық отынға сұранысын да толығымен қанағаттандырады. Республикамыздағы өндірілетін көмірдің 30 пайызы экспортқа шығарылады», - деді В. Школьник.
Министрдің айтуынша, еліміздегі геологиялық көмір қоры 300 млрд. тонна, ал барланған көмір қоры 304 млрд. тоннаны құрайды.
«Бұл - керемет әлеует. Мұнайшыларға айтқым келеді, көмір мұнай мен газ секторына айтарлықтай салмақты бәсеке бола алады. Бүгінгі таңда көмірді химиялық өңдеу саласында жаңа технологиялар пайдаланыла бастады. Қазірдің өзінде тонна-тонна көмірлерден 600-700 литр болатындай синтетикалық мұнай өндіретін зауыттар шығып жатыр. Ал бұл үдеріске салынған инвестицияның қайтарымы 2-4 жылдың шамасында. Мен сіздерге айтайын, тек Торғай бассейінінде 600 млрд. тонна көмір жатқан болса, оны келешекте тереңірек өңдеуге қол жеткізсек, яғни синтетикалық мұнай алсақ, оны бірнеше Қашағанмен салыстыруға болатын еді», - деді В. Школьник.
Оның айтуынша, бұл мәселемен Энергетика министрлігі түбегейлі айналысып жатыр. «Бұл - біздің еліміз үшін мұнай мен газ саласы секілді перспективалы сала», - деді ол.