«Мемлекеттік кірістер комитеті көмір бағасының негізсіз өсуіне қарсы күрес бойынша жұмыс жүргізеді. Көмірді кен орнында тікелей сатқандағы құны мен тұтынушыға жеткен бағаны салыстырғанда, яғни теміржол тарифтерін есепке алғанның өзінде, көмірдің бастапқы бағасы елеулі түрде төмен екенін білеміз. Сондықтан бүгінде отын бағасы мемлекет тарапынан реттелмеген болса да, негізінде оның құны ортадағы алыпсатарлар салдарынан қалыптасқан. Ал кейбір жағдайларда бағаның алдын ала келісімі болуы мүмкін. Осыған байланысты көмір шығыратын кен орнынан бастап, оны соңғы пайдаланушыға дейін қамтитын бүкіл процесті қадағалайтын тетікті құруды жоспарлап отырмыз», - деп тоқталды Мемлекеттік кірістер комитеті Мамандандырылған басқармасының бас сарапшысы Дархан Әбдіқадіров.
Оның сөзіне қарағанда, осы мақсатта келесі жылы көмірді сататын барлық салық төлеушілер ҚҚС-ты төлеуші ретінде тіркелуіне қарамастан, электронды түрде шот-фактура шығаруға міндеттеледі. Сонымен қатар, бұл міндеттерді заңнамалық тұрғыда бекіту ескерілген.
«Осы қажетті шаралар іске асырылғаннан кейін, біз көмірдің кен орнынан пешке дейінгі бүкіл қозғалыс бағдарын, сондай-ақ отынның баға құрылымына қатысты толық тізбегін көреміз», - деп түсіндірді бас сарапшы.
Бұл тұрғыда Дархан Әбдіқадіров электронды шот-фактураларды енгізу шаралары алыпсатарлар тізбегін шектейтінін атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Виртуалды қойма» модулі Ақпараттық жүйесін іске қосады.
Яғни 2019 жылдан бастап көмірді сату «Виртуалды қойма» модулі арқылы жүзеге асырылатын болады. Ведомстводан мәлім еткендей, онлайн-қойма салық төлеушінің қоймасында қанша көмір қалғанын көруге, сондай-ақ өндірушіден (жерқойнауын пайдаланушы) соңғы тұтынушыға дейін отынның жылжу тізбегін бақылап отыруға мүмкіндік береді.