Көмірді қымбатқа саудалаған шымкенттіктер 9 млн теңге айыппұл төлейді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында көмір бағасын қолдан қымбаттатқандардың ісі сотқа өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ОҚО департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Таштанов айтып берді.

Бауыржан Таштановтың сөзіне қарағанда, өңірде көмір сатумен айналысатын тоғыз компания  қатты отынның сатылу бағасын негізсіз көтерген. Мұндай заңбұзушылықтар Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті өңірлік қызметкерлері жүргізген тексеру барысында анықталған. Белгілі болғандай,  Шымкент пен Түркістан қаласында, Арыс ауданындағы  базаларда көмір құны 10 - 13 мың теңгенің аралығында сатылуы  тиіс болған. Алайда оның сатылу бағасы тоннасына  20 мың теңгеге жуықтапты. 

«Өңірде көмір тапшылығы болғанда кәсіпкерлер бірден бағаны көтерген. Өзара келісіп, тоннасын  13 мың теңгеден сатудың орнына 7 мың теңге қосып 20 мың теңгеге саудалаған»,-  дейді Бауыржан Таштанов.

Осылайша кәсіпкерлер бәсекелестікке қарсы келісімдер бойынша заңбұзушылыққа жол берген. Енді осы әрекеттері үшін бағаны негізсіз көтергендерге  әкімшілік құқықбұзушылық  хаттамалары толтырылып, 9 млн теңге көлемінде  айыппұл салынды. Тиісті құжаттар мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.