«Комиссар Жүргенов» романы алты тілге аударылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Ол Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты жаңа кітабының тұсаукесерінен басталды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: facebook.ashatoralov

«Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатыстым. Оған шығармашылық зиялы қауымның көрнекті өкілдері, сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының қонақтары келді. Атап айтқанда, Бас хатшының орынбасары Билал Чакыжы қатысты.

Іс-шара жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты жаңа кітабының тұсаукесерінен басталды. Айтпақшы, көрнекті мемлекет қайраткеріне арналған бұл роман алты тілге аударылып, басқа түркі елдерінде де басылып шығады», - деп жазды министр.




Сондай-ақ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттерінің қатысуымен концерт өтіп, тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі туралы баяндайтын театралды, музыкалық және би қойылымдары көрсетілген. Жиынның ашылу салтанатында министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Абай атындағы театр ғимаратында мерейтой иесіне арналған картиналар мен мүсіндер көрмесі де өтті.




«Әрине, бұл біз атап өткен маңызды күнге орайластырылған жалғыз іс-шара емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл бойы еліміздің барлық аймағында 100-ден астам түрлі іс-шара өтеді. Темірбек Жүргеновтің мерейтойы – басқа түркітілдес елдерде де аталып өтетін халықаралық ауқымдағы оқиға», - дейді министр.

Еске салсақ, 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланған.